САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ!

15:59, 10 қазан 2019

Келер жылдың қаңтарынан бастап, медицина жүйесінде жаңа реформа жүзеге асады. Осы мақсатта, өңірімізде пилоттық жоба жүзеге асуда. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтарды Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары жауапты басқарма өкілдерімен талқыға салды. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жұмысы халыққа қаншалықты қолайлы? Қандай өзгерістер күтіп тұр?

Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі күшіне енеді. Қарағанды облысында жаңа жүйе қанатқақты жоба ретінде сынақтан өткізілген басты аймақ.  Бүгінгі күнге дейін 1 миллион 431 мыңнан астам тұрғын медициналық сақтандыруға тіркеліп үлгеріпті.  Басты өзгерістердің бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу мүмкіндігіне кез-келген адамның ие болуында. Мысалға, оқушылар, жұмыссыздар, үйде мүгедек адамға қараушылар мен зейнеткерлер, нәресте күтімінде отырған еңбек демалысындағы аналар төлемнен босатылған.

Фазыл КӨПЕБАЕВ, «Медициналық сақтандыру қоры» ҚОФ-ның жетекшісі:

-2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушіден бөлек, жұмыскердің өзі де сақтандыру қорындағы талаптар бойынша, қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізбек. Ол үшін ең төменгі жалақы көлемінің  1 пайызын аударып отыруы тиіс. Ал, азаматтығы жоқ, шетелдік меймандар  арасында аса қауіпті, қоғамға залал келтіретін аурулар болса, бірден тегін емделу тізіміне алынады.

Жаңа реформа жұмыссыз жандардың да өз еріктерімен ай сайын жарна төлеп тұруына мүмкіндік тудырып отыр. Жарна мөлшері туралы айтар болсақ, жұмыс берушілер 2017 жылы өз жұмыскерлері үшін табыс көлемінің 1 пайызын аударып отырса, соңғы екі жылда бұл 1,5 пайызды құраған. Ал, келер жылдан бастап,  жұмыскер үшін 2 пайызды құрамақ.

Гамаль ТОҚСАМБАЕВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-2021-2022 жылы медициналық сақтандырудың төлем көлемі табыстың 3 пайызын құрамақ. Сіздер айтып отырған шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін жылжымалы арнайы топ жұмыс істейді. Сапалы қызмет үшін қатаң бақылау болады.

Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында Сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен Қор өтесе, медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз. Жүйенің тағы бір пайдасы — қорға түскен  қаржы есебінен дәрігерлердің біліктілігі арттырылып, емханалардың материалдық базасы жақсартылады.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы:

-Осы бағыттағы жұмыстарды ширатуы тиіс. Әрбір тұрғынға ақпараттық тұрғыда қолдау болуы қажет. Ертеңгі күні түрлі кедергілерге тап болмауымыз үшін бүгіннен бастап мәселенің мән жайын шешіп алуымыз қажет.

Ресми дерекке сүйенсек, халық саны соңғы он жылда 15 пайызға артқан. Сонымен қатар онкологиялық аурулар, жүрек және тыныс алу, қант диабеті бойынша дәрігердің көмегіне жүгінетіндер саны да еселене түскен. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы бағыттағы жұмыстарды жеңілдетуге мол септігін тигізеді деп күтілуде.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар