Сайын даланың сардары, Баян батыр Қасаболатұлының туғанына 302 жыл толды

19:04, 1 тамыз 2016

Шет ауданының Ақжал кентінде тұратын батыр Баянның ұрпақтары ұлан –асыр ас берді. Ержүрек ердің жатқан жеріне ел азаматтары құлпытас қойды. Үрім-бұтақтары даңқты қолбасшының рухына құран бағыштап, тағзым етті.

Қарабұлақ ауылы маңындағы Сары Баян жотасында жатқан  батыр Баян бабасының басына тәу етуге келген халық пен ұрпақтарының санында есеп жоқ. Ел ағалары мен мәрт меценаттар таза граниттен құлпытас орнатқан. Ескерткіштің ашылу салтанатына  алыс-жақыннан ағайын көп жиналды.

Интершум:

Зират басында құран оқылды.  Ұлтына қорған болған ұлы тұлғаның рухына  жақсы сөздер айтылды. Үрім-бұтағы тайлы-таяғымен өшпес өнегесі мен өлмес өсиетіне  бас иіп, тікесінен тік тұрып тағзым етті.  2003 жылы «Баян батыр атына  «Алматыдан көше беріліпті. Павлодар қаласының  қақ ортасында арғымаққа мініп, айбар болып тұрған ескерткіші бар. 2010 жылдан бері «Баян батыр» қоғамдық қоры жұмыс істейді. 

Уақ Баян батырдың кіндік қаны 1714 жылы Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Булаев ауданының Аралағаш елді-мекенінде тамған делінеді тарихи деректерде. Әкесі Қасаболат темірден түйін түйетін зергер адам болған. Ал анасы Ажар кіші Сырым батырдың атасы Дат Шоланұлының қарындасы. Тарихтың тереңінен тамыр тартсақ  он сегізінші ғасырда жауға қарсы шауып, дұшпанды қаймықтырған  қаһарман батырлардың бірі әрі бірегейі.

Үш жүздің басын қосқан қазақтың ханы Абылайдың сенімді серігі және ақылшысы  болғаны әмбеге аян. Ол өз заманында  Ертіс бойы мен Қалба  өңірі, Тарбағатай аймағын жаудан азат етіп, өжеттігімен ерекше көзге түскені аңыз-әпсаналардан белгілі. Баян батырдың сарбаздары мен бірге дәл осы жотада жатқанының айқын дәлелі 1981 жылы қайтыс болған ақын Самат Мұсабековтің «Есей Достың ерлігі» атты дастанында жазылған.

Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау тұста баһадүр бабамыз анталаған жауды ақ найзасының ұшымен түйреген.Батырдың қайсар қасиеттерін  Үмбетай мен Тәттіқара, Шәді жыраулардың  ерекше жырлағаны елдің есінде және Мәшһүр Жүсіптің жазбалары да жұрт жадында. Шоқан Уалихановтың еңбектерінде   Батыр Баян нөкерлерімен бірге  жорықтан қайтып келе жатқанда  қалмақтар өліктерін  тастап кеткен құдықтан су ішіп уланып қайтыс болған деп жазылады. Жалпы елдің айтуынша аптап ыстық болғандықтан батырдың мүрдесі туған жеріне жеткізілмей, Қарағанды облысы аумағындағы  осы жотада  жерленген деседі.Батырдың басына құлпытас қойылып, 500 адамға ас берілуіне,  қоғамдық қор мен қатар облыстық «Орталық Қазақстан» басылымы ұйытқы болыпты.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар