ПОЛИЦЕЙЛЕР КӨЛІКТІ БОЛДЫ

15:05, 20 маусым 2019

Қарағандылық полицейлерге су жаңа көліктердің кілті берілді. Темір тұлпардың барлығы дерлік Қазақстанда құрастырылған

Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметтік автокөліктері саны Қазақстанда құрастырылған 86 көлікпен толықты. Жаңа автокөліктер жол-патрульдік полиция полкіне, учаскелік полиция инспекторларына, Жергілікті полиция қызметі мен облыс орталығынан шалғай жатқан аудандар мен ауылдарға берілді. Сақшыларға темір тұлпар кілтін аймақ басшысы Ерлан Қошанов табыстады.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Дәл осы алаңда жыл сайын полиция қызметкерлеріне жаңа көліктерді тапсырып келеміз. Былтыр 120-дан астам жаңа көлік берілсе, биылға 80 қызметітк көлік беру жоспарланған. Сондай-ақ, қажетті қондырғылар мен бақылау , тіркеу камералар, электронды түрде құжат толтыру планшеттері беріледі. Ал, сақшылардың жұмыс сапасын халық бағамдайды деп есептеймін.

Аға сержант Дастан Қапанов жаңа қызметтік көлікке ие болғандардың бірі. Үнемі заңға қайшы әрекет жасағандар мен жазасын өтеушілерді тасымалдайтын ол су жаңа автокөліктің берілгеніне қуанышты. Тіпті, қызметтік жауапкершілігім арта түсті -дейді, аға сержант.

Дастан ҚАПАНОВ, аға сержант:

-Жаңа көлік өте қолайлы. Алыс, әрі қиын жолдарға жүруге ыңғайлы. Енді камера қойылса жеткілікті.

Жыл басынан бері жергілікті полиция істейтін тегеурінді жұмыстың нәтижесінде аса ауыр қылмыстар саны біршама азайып, олардың ашылу деңгейі артқан. Облыстық полиция департаменті бұл жетістікті  жаңа техникаларға қол жеткізумен де байланыстырады.

Ерлан ФАЙЗУЛЛИН, облыстық полиция департаментінің бастығы:

-Егер, кешегі күнгі дерекпен айтсам, былтырғы жылғымен салыстарғанда қылмыс саны 25 пайызға кеміген. Соңғы үш жыл деп түйіндесек, көрсеткіштен көптеген өзгерістерді аңғарамыз. Бұл техникалар сақшылардың жұмысын оңтайландырады деп сенемін.

Аймақ басшысы Ерлан Қошанов салтанатты шарадан соң, жаңа көліктерге ие болған сақшылармен тілдесіп, қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, облыс әкімі полиция департаментіне көліктердің біршамасын шалғайда жатқан елді мекендерге беру арқылы учаскелік полицейлердің жұмысын жеңілдету қажеттігін тапсырды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Міне, бұл қарағандылық полицейлердің жаңа көліктерге ие болу сәті. Барлық темір тұлпар жаңа қондырғылармен толыққан.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар