ӨЗЕН АРНАСЫ ӨЗЕКТІ

13:52, 5 тамыз 2019

Жауапсыз кім? Мердігер ме, әлде тапсырыс беруші ме? Федоров су қоймасының ауданына қарасты Соқыр өзенінің арнасын тазарту жұмыстары кестеден ауытқып, бау – бақша қоғамдастығының белсенділері дабыл қағуда. Қалалық маслихат депутаттары қоғам белсенділерінің шағымына құлақ түріп, алқалы жиында ортаға салды

Любовь Рыбина қоғам мәселелеріне бей – жай қарамайтын белсенділер қатарында. Егде жастағы жан бірнеше жылдан бері Федоров су қоймасы ауданындағы өзекті сұрақтарды  көтеріп жүр. Оның айтуынша, Соқыр өзенінің бойындағы жұмыстар тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Қыруар қаржы бөлінген арықтың кеңейту барысын бір техника мен бірнеше адамнан құралған бригада ғана жүргізіп жатқан көрінеді. 

Любовь РЫБИНА, бау – бақша қоғамының мүшесі:

-Неге көктемде көпірді су шайып кетті? Өйткені сендер солай істедіңдер! Біз өз көзімізбен барлығын көрдік. Кім кінәлі, кім жауапты білмеймін. Алайда, біз салық төлеп отырмыз ғой,сол салықты су шайып әкетіп жатқанына жаным ашиды.

Соқыр өзенінің арнасын тазалап, кеңейтуге бюджеттен 109 миллион теңге қарастырылып, бүгінде оның 50% - ы мердігер компанияға аударылған. Жауапты істі жауапкершілігі шектеулі серіктестік екі жыл ішінде тындыруға міндеттелді. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі енді міне жақында аяқталады. Қыркүйек айында тапсырыс беруші нысанды қабылдап алуы тиіс. Алайда, бүгінде жоспарлы істің тіпті жартысы орындалмаған.

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ, Қарағанды қалалық мәслихат хатшысы:

-Сендер тереңдігін істемедіңдер, кеңейтпедіңдер. Енді келесі жылы жағдай бұдан да ушығып кетуі мүмкін. Бүгінде алдағы жылы су тасқыны болуы мүмкін деген болжам бар. Міне, сонда 2015 жылы болған тасқын мұның қасында түк болмай қалады. Алысқа бармай - ақ, Ресейді қараңыздар. Сондықтан, Руслан Мәлікұлы сізге тез арада бір шешім қабылдауды талап етеміз.

Барлық айыптаулар мен шағымға мердігерлердің айтар бір ауыз сөзі – жобадан ауытқыған. Себеп: ауызша айтылған әркімнің өтініші.  

Ержан ХӘЛЕЛОВ, мердігер:

-Біз жобадан ауытқыдық. 5 метр кеңейтудің орнына 35 метр кеңейтуге тура келетін болды. Бұл үлкен айырмашылық және шығыны да сондай болмақ. Біз басқармаға бірнеше рет жоба өзгерісіне байланысты хаттама жіберулерін сұрадық, 5, 6 рет хат жаздық. Жауап жоқ. Жұмыс барысы тоқтауы мүмкін екенін де ескерткенбіз.

Ілкімді іске техникалық қадағалау жұмыстарын жүргізу үшін тағы 600 мың теңге қарастырылды. Нәтижесінде, жеке меншік иелері бұл міндетке де салғырт қараған. Тапсырыс беруші тарап та мердігер жұмысына көңілі толмайтындығын алға тартты. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының айтуынша, компания ескертулерге еш құлақ аспаған.

Руслан ТӨЛЕПБАЕВ, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

-Шынымен де, бүгінде мердігер жасаған жұмыс біздің де көңілімізден шықпай отыр.Өзіміздің сотқа дейінгі шағымымызды жібердік. Өкінішке орай мұндай жағдайлар жиі орын алады. Бұдан ешкім де сақтанбаған. Тендор ұтады, жұмыс істемейді, тіпті біздің ескертулерге де құлақ аспайды. Дегенмен, заң бар, заңға сәйкес тиісті шаралар қолданамыз.

Айта кету керек, Соқыр өзенінің бойындағы көпірдің де жағдайы мәз емес. Мамыр айында ғана жөндеуден өткен өткелдің әр жерінен  шұңқырлар мен сызаттар байқалады. Сондай – ақ депутаттар оның беріктігіне де күмәнмен қарауда. Қыруар қаржыға сапасыз жөнделген көпір алдағы көктемде тағы апаттық жағдайға ұшырауы мүмкін – дейді олар.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар