ОЗАТ ОЙЛЫЛАР ОЛИМПИАДАДА ОЗДЫ

18:16, 11 қаңтар 2019

Малайзияда өткен халықаралық олимпиадан қарағандылық балғындар олжалмен оралды. Қос бірдей өрен сайыста менталдық арифметикадан бірінші және екінші орынды қанжығаларына байлаған. Алғыр балалар жеті кезең бойы жеңісті жолдан жаңылмаған.Ойлары озық, оқуда озат атанған жүлдегерлермен біздің түсіру тобымыз жүздесті.

Он бір жасар Айғаным Әлкенова айды аспаннан шығарып, арқа жерінің абыройын шетелде асқақтатты.Өрімдей балғынның менталды арифметикамен шұғылданып жүргеніне төрт жылдың жүзі болған. Талапты, талантты жеткіншек есепті шемішкеше шағады. Алайда халықаралық бәсекеден оқ бойы озып шығу қаршадай қызға  оңайға соқпағанын айтады.

Айғаным ӘЛКЕНОВА, халықаралық олимпиаданың бірінші орын иегері:

- Әрине қиындықтар болғаны рас.Маған менталды арифметиканы ынтамен ұғынған өте қатты ұнайды.Соның арқасында квадраттық түбірді табумен қатар төр таңбалы сандарды көбейтуді үйрендім. Қатарластарымды қапыда қалдыруға тырысып бақтым.

Малайзиядағы дүбірлі додада әлемнің 24 елі қатысыпты.Олардың арасында Ресей Қытай және  Иран мен  Оңтүстік Корея Қырғызстан  секілді мемлекеттер бар.Білім жарысында өңкей дарынды 1000-ға жуық үміткер бағын сынаған.Озат оқушылардың олимпиадасы жеті кезеңге жалғасқан көрінеді.

Айжан БОЛАТОВА, «ISMA» халықаралық менталды арифметика орталығының мұғалімі:

-Шәкіріттерім үкілеген үмітімді ақтады. Жоғары нәтиеже көрсетті. Оқушыларым республикалық, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.  Осындай бүлдіршін тәрбиелеген ата-анаға ағымнан жарылып, ақжарма алғысымды айтамын.

Ал зейіні зерек Сұлтан Әлкенов аталған бәсі жоғары бәсекеде қарсыластарынан ерек шығып, екінші орынды еншіледі. Жасындай жарқыраған жасөспірім  ғылым саласында тыңнан түрен түріп, ғалым болуды армандайды. Егемен еліміздің  ұлтаны атануды мақсат санаған ол сабақтан тыс уақытта классикалық күреспен айналысады.

Сұлтан ӘЛКЕНОВ, халықаралық олимпиада жүлдегері:

 -Өз басыма жеңіс жайшылықпен келген жоқ.Дегенменде кіл жүйріктен кім жүйрік анықталды.Найзағайдай намысымның туын жерге жықпадым.  Әлі-ақ биік белесті бағындыратыныма сенімдімін.

Кеншілер астанасының атын төрткүл дүниеге танытқан екі өреннің жеткен жетістіктері де жетерлік. Алғыр балалар былтыр қараша айында Ресейдің Сочи қаласындағы сайыста сыннан сүрінбей  жүлделі орындарға қол жеткізген. Білім бәйгесінде  қара үзген Айғаным мен Сұлтан биыл маусым айының соңында Түркияда жалауын желбіретін олимпиадаға дайындықты бүгінен бастап кетті.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар