Өткен 2017 жылы облысымыздың мәдениеті үшін аса табысты болды

14:43, 12 қаңтар 2018

Ұлттық өнерімізді ұлықтау мақсатында жүргізілген әр түрлі деңгейдегі маңызды оқиғалар жыл бойы аймағымызда көрініс тапты. Мәселен, Қаз дауысты Қазбек би бабамыздың 350 жылдығы кең ауқымда тойланып, халықаралық ЭКСПО көрмесін абыроймен өткердік

Райхан САЙРАНБЕК  тілші

2017 жылдың ең басты мәдени жаңалығы - Қаз дауысты Қазбек би бабамыздың 350 жылдық тойы. Қарағанды облысында ұлы бабамыздың мерейтойына арналған іс-шаралар легі жыл бойы толастамады. Солардың бірі облыстық өлкетану мұражайында  ұйымдастырылған көрме.

Ал, көрме залының қақ ортасында Қазыбек бидің шапаны қойылған болатын. Баба шапанын Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, ұлы бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов тапсырған еді. Кеңес өкіметі дәуірінде ұзақ жылдар жасырын сақталған жәдігерді қалпына келтіру екі жыл уақыт кетіпті.  Нәтижесінде, үш жүз жылдық тарихы бар шапан күні кеше ғана тігілгендей түрленіп шыға келеді. Бұған – қарағандылықтар мен қала қонақтарды  көз жеткізді.

Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында Қазыбек бидің ескерткіші ашылып,  өлкені дүбірге бөледі.  Тау бөктеріне 100-ден астам киіз үйлер тігілді. Ал Егіндібұлақтан жол тартқан «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: «Бабаларға тағзым!» автокеруені ел ішін аралап, көрші Өзбекстан жеріне дейін жетті.

Гүлшара  ӘБДІХАЛЫҚОВА  ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ

Біз өткенімізді қастерлей, бүгінімізді қадірлей отырып болашаққа үміт қолын созған елміз. Осы орайда рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асырып, соның аясында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық жадымызды жаңғыртып, жаңартып жатырмыз. Бүгінгі мерейтой соның жарқын бір дәлелі.

Күллі аймақ болып, алашқа аты шыққан  әнші-композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығы кеңінен тойланды. «Інжу-маржан» дәстүрлі облыстық байқау және сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаға арнап  туған жері Ақтоғай да облыстық конференция өтті. 19-шы дәстүрлі  «Әуенді Сарыарқа»  фестивалі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Тюрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың 70 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырды. Бұл күні Қарағанды қаласының қақ ортасында орналасқан  «Жұлдыздар аллеясында» мерейтой иесінің құрметіне арнайы белгі орнатылды. 4-9 қыркүйек аралығында елордамыз Астанада Қарағанды облысының күндері өтті. Бір апта уақытта өңірдің индустриясы, мәдениеті мен өнердегі жетістіктері кеңінен таныстырылды. Барлығы 30-ға жуық ауқымды шара ұйымдастырылды.«Этноауылда» Қарағанды облысының мәдени күндерінің салтанатты жиыны болып,  өңірдегі шығармашылық  ұжымдар өнер көрсетті. Қасиетті қара шаңырақ, шежіреге толы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына 85 жыл толды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов өнердің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген әртістерді марапаттады. Бүгінде театрдың репертуарында 80 астам танымы мол, тағылымы зор қойылым бар.

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ Қазақстанның халық әртісі

Атың аңызға айналған актерлар қызмет еткен. Қазақ театрының ішіндегі жұлдызы жарқыраған өнер ордасы.  Мәдениет жағынан  көптеген әңгіме шертетін ұжым. Үлкен ризашылықпен қабылдаймыз, бағалаймыз.  Әрбір жаңалығын қалт жібермейміз.Мерейтойына құтты болсын айтамыз.  Шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Райхан САЙРАНБЕК  тілші

Бұл күнде С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры  мәуелі бәйтеректей қанатын кеңге жайып, қазақ өнерінің өсіп-өркендеуіне, кемелденуіне зор еңбек сіңіріп, еліміздің алдыңғы қатарлы кәсіпқой театрларымен “иық тірестіріп” қасиетті “Қара шаңырақ” атанды. 2017 жылы театр ұжымының жеткен жетістіктері баршылық. Театр репертауары «Абай мен Әбіш», «Жынды», «Өлтірші мені көгершінім» сияқты жаңа спектакльдермен толықты. Татарстан мен Түркия мемлекеттерінде өткен театарлар фестивалінде көременнің үлкен бағасын алып, жоғары құрметке ие болды.

Қарағандыда халық композиторы Аққыз күйшінің туғанына 120 жыл толуына орай  «Арқаның Аққызы» атты кеш өтті.  Рухани шараға  елімізге танымал күйшілер мен әншілері қатысты. Тағылымды шара аясында белгілі тұлғаға арналған «Мұңды қыз» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Айгүл Соловьева  Аққыз күйшінің ұрпағы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Менің ойымша еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Аққыз апаның ұрпақтары біз, ол кісіні ұмытқан жоқпыз. Бүгінгі күні ұйымдастырылып жатқан барлық байқаулар арқылы ол кісінің рухани мұрасы бүгінгі ұрпаққа насихатталуда.

2017 жылы облыстық мемлекеттік архивтің 80 жылдығы, облыстық өлкетану мұражайының 85 жылдығын атап өттік. Сонымен қатар кеншілер жері  «Жұлдыз 2017» жас эстрадалық байқауы мен Ж.Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылардың  республикалық өнер сайыстарының орталығына айналды. 

Райхан САЙРАНБЕК  тілші

2017 жыл Қарағанды облысының мәдениет саласы үшін осындай елеулі, айшықты оқиғаларға бай.. Жаңа 2018 жылы да көптеген мәдени жаңалықтармен мерейтойларға толы болмақ. Мәселен, жыл бойы  Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдығына арналған іс-шаралар мен шілде айында Жезқазған мен Ұлытауда «Жезкиік» халықаралық фестивалі, Қарағанды облысы бойынша өтетін «Сарыарқа дала өркениетінің алтын бесігі» атты көшпелі көрмесін атап өтуге болады. Тоқетері, өндірісті өлке өнер мен мәдениетті дамыту арқылы өркениетті елдер қатарына қосылуға өлшеусіз үлес қоса бермек.

Тақырып бойынша материалдар

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ
16:28, 21 қыркүйек 2018
ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар