«Оркестр. Күйден симфонияға дейін»

17:22, 13 ақпан 2018

Осындай атаумен Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада музыкалық шығармашылық кеш шымылдығын түрді

Асыл мұрамызды дәріптеуге бағытталған  рухани шараға мәдениет майталмандары мен өнерлі өрендер қатысты. Дарынымен дараланған өнерпаздар ұлттық аспаптармен әндерді әуелете шырқап,  күй төгілтті. Ұлттық музыка халқымыздың баға жетпес құндылығы. Һәм  сарқыттай сақталған бабадан ұрпаққа сабақтасып келе жатқан мол мұрамыз. Ал  бүгін «Оркестр. Күйден симфонияға дейін»  атты музыкалық кеш Қарағанды қаласында   осымен жиырма бесінші  рет жалғасын тапты.Ширек ғасырдан бері Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы   төл өнерді жаңғыртып, патриот жастардың  түйсік түкпіріне тереңнен тұщындыру жолында тынымсыз ізденіп  келеді.

Ақниет   ҚҰДАЙБЕРГЕН   кешті  ұйымдастырушы

Бүгінгі күнге дейін ұмытылып кеткен қазіргі кездегі төл аспаптарымыздың  ерекше екендігін жастарға насихаттау.  Біздің басты мақсатымыз  өнер әдебиеттеріндегі  кітаптармен таныстырып қана қоймай,  оқырманның кітапқа деген сұранысын арттыру.  Бұл шара бізде  жыл сайын ұйымдастырылады.   Ұмыт болмай,  тарихты білмей,  болашақты болжау қиын.  Сондықтанда өз еліміздің  көркеюіне ұлес қоссақ дейміз.

Мәнді, мазмұнды музыка кешінде «Думан сазы»  фольклорлы ансамбілінің өнерпаздары дирижер-сазгер Нұргиса Тілендиевтің   «Әлқисса» мен  «Ата толғауы» күйлерін күмбірлетіп  шертті. Халық  күйі Төпенкөкті   және Дәулеткерейдің  «Кероғлысы» тыңдарманның жүрегіне жетті.Тоғыз түрлі аспапта   шебер ойнайтын балғындар  талантымен көрерменді тәнті етті. Он бір жасар  Бибі Сыздықтың   қылқобыз тартып жүргеніне бес жылдың жүзі болған.Озат ойлы оқушы облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегері.Оның арманы биік белестерді бағындырып,елімізге танымал қобызшы атану.

Бибі СЫЗДЫҚ    №1 музыка мектебінің оқушысы

 Сегізінші ақпанда бірінші  орын алдым.Енді шетелге барамын.  Қазақстан мен Қарағандының  намысын қорғаймын.  Мағанда, әжеме де ұнайды қылқобыз. Қылқобызшы Ақерке Тәжібаеваға ұқсауға тырысып жатырмын.

Аружан НАУРЫЗБАЕВА  №1 музыка мектебінің оқушысы

 Жетігенмен екі жылдан бері айналысып келемін. Өйткені аталған аспапта ойнаған өзіме қатты ұнайды.

Белгілі ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыған, поэзияның әліппесін енді тани бастаған  жеткіншектер кештің көркін қыздыра түсті.  Рухани рақымға бөлейтін, ұрпақтың санасын сілкініс сыйлайтін шаттықты шара соңында көпшілік ұлттық аспаптар тарихынан сыр шертетін кітаптар     көрмесін тамашалады.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар