ОНЛАЙН РЕЖИМДЕГІ ҚҰРБАН АЙТ

13:02, 30 шілде 2020

Мұсылман қауымының қасиетті мерекесі -Құрбан айт мейрамы биыл елімізде ерекше форматта өтпек. Бұған санитарлық талаптар мен карантин себеп. Сонымен, алғашқы онлайн құрбандық шалу рәсімі қалай жүзеге аспақ? Бұл туралы арнайы брифинг барысында облыстың бас имамы жан – жақты айтып берді

Барша адамзат санасына сілкініс әкелген бұл індет қалыптасқан қағида мен үрдістерді де өзгертті. Биыл елімізде алғаш рет Қасиетті құрбан айт мерекесі онлайн атап өтілмек. Мешіттерде жамағат намаздары болмайды, ал құрбандық шалу рәсімі қашықтықтан жүзеге асады.

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, Қарағанды облысының бас имамы:

-Осы онлайн құрбанды қазір Қазақстан бойынша бірізділікпен жүргізуге үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, онлайн құрбан дегеніміз не? Бұл http://www.qurban.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы, онлайн құрбандық шалу түсінігі өзге мұсылман елдерінде бұрыннан бар. Мәселен, бауырлас Түрік елі бұл практиканы бірнеше жыл бойы сәтті пайдалануда.  Сондықтан, мешіт қызметкерлері аймақ тұрғындарына еш шүбәсіз сенім артуға кеңес береді. Құрбандыққа шалынатын малдың құны мен, әрекеттер алгоритмі Құрбан.кз сайтында бүге – шүгесіне дейін жазылған. Ал, рәсімнің өзі адам тіркеуден өткен соң толықтай бейнетаспаға түсірледі.

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, Қарағанды облысының бас имамы:

-Біз түсіретін операторларды жалдап отырмыз, қасапшылардың да киімі бір келкі болу керек. Еріктілер мекен - жайға жеткізеді. Онда да жан - жақты жұмыс атқарылады.

Құрбандыққа ұсынылған малдың құны мынандай: Қарағанды облысында орта есеппен бір жастағы қой шамамен 55 – 60 мың теңге. Ал, ешкі құны 30-35 мыңның айналасы. Ірі қара 300 -350 мың теңгеге бағаланды.

Махмұт НҰРОВ, «Балақажы» мешітінің бас имамы:

-Елдегі жағдайға байланысты барша тұрғындарды бір – бірінің үйіне айттап бармауға шақырамыз. Дегенмен, үйде отырып, құран бағыштаса болады.

Толық ақпарат www.qurban.kz сайтында.

qurban.kz  сайтында белгіленген бұл бағаға сіз малды сатып алып қана қоймай, сондай – ақ қасапшы мен, құрбандықты мұқтаж жанұяларға, үйді үйге тарату қызметіне де төлейсіз. Айта кету керек,  малдың құнын мешіт қызметкерлері белгілемейді. Төрт түлік шаруашылық иелері мен кәсіпкерлер ұсынған бағамен саудаланады.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар