ОНЛАЙН ОҚУ ЖӘНЕ ШӘКІРТТІҢ ПСИХИКАСЫ

13:48, 20 қараша 2020

«Онлайн білім беру форматы: психикалық денсаулық» тақырыбында конференция өтті. Оны Абай Құнанбайұлы атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі ұйымдастырды

Ерік НАРЫН, тілші:

- 2020 жылы колледжге, университетке түскен студенттер бір топта оқитын достарын тек экранның әрғы жағынан көреді. Студенттік өмір деген түсінік оларға таңсық. Міне, осылай компьютермен, ұялы телефонмен төрт қабырғаға қамалады да отырады. Мамандардың сөзінше бұл – ғұмырдың қызығына ұмтылған жасөспірімнің психикасына айтарлықтай салмақ түсіреді. 

Нақ осы мәселе колледжде өткен конференцияда талқыланды. Ұстаздар ресейлік әріптестерімен зум платформасы арқылы байланысқа шығып, пікір алмасты. Мақсат айқын, тәжірибемен бөлісіп, жаңа жағдайда шәкірт тәрбиелеуді бір жүйеге келтіру. 

Жамбыл ЖАЯУБАЕВ, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Осы бір конференцияның негізгі мақсаты: қашықтан оқыту кезеңіндегі оқытушылар мен оқушылардың, ұстаздардың, ата-аналардың психологиялық дайындығын тексеру. Олар онлайн форматта қандай қиындықпен бетпе-бет келеді, оны қалай шешеді. Соларды талқылаймыз.

Бұл конференцияның өтуі заңды. Өйткені, бүгінгі қоғамның негізгі проблемасы осы. Ізденген бала да, олардың үлгеріміне қарайлаған ата-ана да зумдағы дәріске үйрене алмай жүр. Осылай деуімізге теледидардағы сұхбаттар, әлеуметтік желідегі жазбалар себеп. Онда көпшілік «онлайн форматқа көшкелі баламның үлгерімі нашарлады, біздің жүйкеміз жұқарды» деп дабыл қағып жатыр.

Ирина КОЗЛОВА, педагог-психолог:

- Қоғамдағы депрессияның деңгейі өсіп кетті. Себебі адамдар өз денсаулығына, ертеңгі күніне бұрынғыдан қарағанда көп алаңдай бастады.  Барлығы эмоциялық тұрғыдан қиналып жүр. Оның ішінде студенттер де, ата-аналар да, ұстаздар да бар.

Кейінгі деректі айтайық. Қарағанды облысында коронавирус індеті орташа есеппен алғанда күніне 20-ға жуық адамнан анықталып жатыр. Өңіріміз әзірге жасыл аумақта тұр. Шамадан тыс сақтануға мәжбүрлеген қауіпті індет өмір салтымызды онлайн форматқа ауыстырып жібергелі қашан?!

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар