ӨҢІР ӨНДІРІСІ ӨРГЕ БАСУДА

17:45, 15 наурыз 2019

Өңірімізге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр арнайы келді. Министр, қызметтік сапар барысында өңіріміздегі бірқатар өндіріс ошақтарын аралап, республикалық маңызды тас жол құрылысын бақылады. Аймақта атқарылған жұмыс та жетерлік. Алайда, айтылған ескертпе де бар

Министрлік лауазымға небәрі үш апта бұрын тағайындалған Роман Склярдың қызметтік сапармен Қарағандыға табан тіреуі тегін емес. Аймақта өндіріс қарыштап дамыған. Ішкі инфрақұрылым да қанат жаюда. Дегенмен, Астана-Қарағанды-Балқаш бағытындағы жол құрылысынан басталған сапар сын ескертпелерге толы болды. Сапасыз жұмыстың сыр бергенін аймақ басшысы Ерлан Қошановта осыған дейін қаузаған болатын.  Енді, министр Роман Скляр да жұмысына салғырт қараған мердігерге де сын айтты.

Роман  Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

-Жұмысты сапасыз жасау мен жол қозғалысына кедергі келтіру халыққа келтірілген зиян деп түсіну керек. Осы бағыттағы салғырттықты тездетіп реттеу керек. Тіпті, нәтиже шығара алмасаңыздар, мердігер компаниялардың қара тізіміне кіретін боласыздар.

Ағымдағы жылы Қарағанды-Балқаш аралығындағы 363 шақырым тас жол құрылысы басталмақ. Ал, олқылыққа жол берген компания өкілдері болса, жағдай толықтай назарда екенін алға тартты. Тіпті, қайта жөнделетін аумақ, небәрі 150 метр ғана участок деп отыр мамандар. Сондай-ақ олар ақылы жолдардағы төлемнің де кемшін тұстарына жауап берді.

Министр сондай-ақ, Арселлор Миттал Теміртау кәсіпорынын аралады. Мұнда, осыған дейін орын алған апатты жағдайдың салдарынан  өндіріс көлемі біршама азайған болатын. Енді, зауыт күш қуатын арттырып, жылдық жоспарды 3 миллион 800 мың тоннадан 4 мил 200 мың тоннаға жеткізуді жоспарлауда.
«Теміртау электрометаллургиялық комбинат»  ұжымының жұмысы да министрдің назарына ұсынылды.  Өткен жылы 15 миллиард теңгенің өнімін шығарған..

Былтыр 6 млрд теңгенің өнімін өндірген Қарағандыдағы құю-машина жасау зауыты өңірдегі алпауыт кәсіпорын.  800 астам адамды еңбекпен қамтыған Макер ЖШС  72 атаулы 7500 тонна металл өңдейді.

Дмитрий РОМАНОВ, «Maker» ЖШС-нің өндіріс саласы бойынша директоры:

-Біз сандық технологияға бет бұрғалы ісіміз алға басты. Өнім көлемі артып, 600 астам жаңа технология сатып алдық. Барлық мүмкіндіктерді қарастырып, маман тапшылығын да жоюды көздеп келеміз.

Министр қызметтік сапары барысында  Фитохимия халықаралық ғылыми өндірістік холдингіндегі жаңашылдықтармен танысты. Жалпы, жыл сайын фармацевтикалық зауытта 2 миллион ампула шығатынын айта кеткен жөн. 200-ден астам адам еңбек етеді.

Роман  Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

-Қарағанды өңірі инфрақұрылымы жетілген, өндірісті өлке. Бүгін арнайы сапармен бірқатар нысандар мен қарқынды жұмыс жоспарлармен таныстық. Мысалға, Мэйкер компаниясы Ресеймен әріптестікті нығайтса, жол саласындағы кемшіліктер де қалыпқа келмек.

Жалпы, индустриалды өңірдегі тың бастамалар мен табысты кәсіпорындар министрлік тарапынан жоғары бағаға ие болды. Тек, әріптестік, сыртқы нарықты кеңейту секілді жұмыстарды әрі қарай жандандыра түссе болғаны, дейді- министр.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар