ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНДА ӨСІМ БАР

13:33, 14 тамыз 2019

Қарағанды облысында экономиканың өсуі байқалуда. Соңғы жеті айдағы көрсеткіш оң динамикаға ие

Биыл өңірде өнеркәсіп өнімі 0,7 пайызға артып,  1 трлн.  472,8 млрд. теңгені құраған. Тау-кен өнеркәсібіндегі нақты көлем индексі 10.7 пайызға өскен. Бұл жетістікті мамандар аймақта металл кендері мен түсті металл өнімдерінің өндірілу көлемінің артуымен байланыстырады. Оң динамика түсті металлургияда, фармацевтика мен тамақ өнімдерін өндіруде және басқа салаларда тіркелген. Облыста экономикалық өсім құрылыс саласында да байқалады.

Гүлмира ӘБІШЕВА, облыстық экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Биыл 207,5 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға артық. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 118,3 млрд.теңгеге, өткен жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 2,9% өсіммен қамтамасыз етілді. Өсім барлық аудандарда күтілуде.   

Осы жылдың соңына қарай облыста жылқы, ірі қара, ешкі және үй құстарының саны да арта түспек. Болжам бойынша ет өндірісі 67 мың тоннаға, сүт - 291,8 мың тоннаға, жұмыртқа - 431,1 млн.данаға жетпек. Биыл өңір диқандарының да асығы алшысынан түсіп тұр. Егіс алқабы 0,7%-ға артып, бидай, арпа, майлы дақылдар, картоп және басқа да көкөністерді жоспардан асыра жинауға мүмкіндік туып отыр.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Өңір экономикасының өсім динамикасы тұрақты өсімге ие болып отыр. Әлі, алда екінші жарты жылдықпен  жылдың қорытынды есебі бар. Осы жоғары көрсеткішті қалыпты деңгейде ұстап, экономикалық өсім үшін жұмысты ширата түсуіміз қажет.

Облыстың барлық аудандарында бөлшек саудада оң нәтиже бар. Мәселен, саланың нақты көлем индексі жыл басынан бері 13,8%-ға өсіп, 1 148,4 млрд. теңгені құраған. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеген.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар