ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ СЕССИЯСЫ

18:12, 27 ақпан 2020

Тілдерді дамытумен қолданыс аясын кеңейту және Жастар жылының қорытындыларымен үй жануарларын серуендетудің жаңа ережелері.Аймақтағы осындай маңызды мәселелерді бүгін депутаттар талқылады. Осы жылдағы облыстық мәслиахттың кезекті бірінші сессиясы қалай өтті?

2019 жылы еліміз бойынша Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Сондықтан жас буын өкілдеріне  барлық жағдай жасауға  мемлекет тарапынан ерекше екпін берілді.Ал аймағымызда облыс тұрғындарының бестен бір бөлігін жастар құрайды. Зейіні зерек, білімі білгір жастар үшін  ашық диалог  алаңдары ұтымды ұйымдастырылды.Ісін жаңа бастаған мамандарға  мол мүмкіндік берілді.Бизнесінің тасын өрге домалатқысы келген азаматтар қайтарымсыз гранттарға қол жеткізді.Медицина саласының бірқатар қызметкерлері баспанамен қамтамасыз етілді. 

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:

- Жастардың жылның басты жаңалығы ретінде  жоғары оқу орындарымен колледж студенттеріне арналған 4 жатақхана салу бастамасын атауға болады. Сондай-ақ жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Ғылыми-зияткерлік клубтар құрылды.

Сонымен қатар, өткен жылы жастарды алаңдатқан негізгі мәселелер айқындалғаны белгілі. Осы орайда Облыстық мәслихат депутаттары олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және белсенді буын өкілдерінің жұмыссыздық сұрағын бір жақты ету жұмыстарын жандандыру қажет екенін баса айтты.

Әсем ЖҮНІСБЕКОВА, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: 

-Кәсіптік оқуды аяқтаған азаматтардың  бүгінгі таңда 79% жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаның екінші бағытына сәйкес  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 363 адам шағын несие алды. Оның 238-і өз ісін ашты.

Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясы биылғы жылы алғаш рет өткізіліп отыр. Депутатттар  тілдерді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту бойынша мемлекеттік бағдарламаның үшінші  кезеңінінің аяқталуға жақын екенінде  назарға алды.Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының айтуынша атқарылған жұмыс ауқымды.Алға қойылған маңызды 10 тапсырманың  сегізі көздеген үдеге сай орындалған.

Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА, тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

-Біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі-халықтың мемлекеттік тілді күнделікті пайдалануы. Осы бағыт шеңберінде 2 нысаналы индикаторға қол жеткізілді, 4 Тікелей нәтиже көрсеткішінің 2-і орындалды. Сонымен қатар біз семинарлар, тренингтер, тестілеу өткіздік. Мемлекеттік тіл тақырыбын БАҚ-да көтеріп жүрміз.

Облыстық мәслихат депутаттарының пайымдауынша, қазақ тілдің қолданысы көңілді көншітпейді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткіліксіз көрінеді.

Серғазы ӘДЕКЕНОВ, Қарағанды облыстық мәслихат депутаты:

-Бүгінгі таңда қазақ тілін қолдану аясын кеңейту бойынша қабылданып жатқан шаралар негізінен оны оқыту бойынша қысқа мерзімді курстарды ұйымдастырумен шектеледі. Мемлекеттік тілді кеңінен тарату проблемасы бөлінетін бюджет қаражатының жеткіліксіздігінен емес, оларды толық пайдаланбауда, тиімділігі аздығында.

Соңғы алты жылда облыс көлемінде 19 дан аса елді мекен жаңа атауға ие болған. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар аймақтың Нұра, Бұқар – Жырау, Абай, Осакаров, Шет аудандары мен, Қарағанды, Жезқазған, Қаражал және Приозерск қалаларында сәтті жүзеге асқан. Сессия барысында ендігі Целинный ауылдық округі мен Жаңаарқа ауданына қарасты Атасу кентінің атауларын өзгерту мәселесі көтерілді. Сондай – ақ, өндірістік Сәтпаев және Теміртау шаһарларының кей бөліктерінде де осы тектес өзгерістер орын алуы мүмкін. 

Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА, тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

-Жалпы бүгінгі күні Қарағанды облысында 596 елді мекеннің атауы  идеологиялық ескірген.. Мұндай әкімшілік-аумақтық бірліктердің саны 65-тен 50-ге дейін азайды.

Маңызы мен салмағы бар бюджетті үнемдеу сауалы да мінберде көтеріліп, депутаттар назарынан тыс қалмады. Халық қалаулылары облыс қаржысын нақты бекітпес бұрын, бірнеше жүз миллион тенгені үнемдеулер болатынын алға тартты. Енді бұл қаражатты әлеуметтік, ауыл – шаруашылығы салаларына және коммуналдық мәселелерді шешуге, сондай – ақ, көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсау көзделіп отыр. 

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Мен Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Облыстың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлары туралы баяндалды. Жалпы алғанда, облыс өткен жылы жеткен нәтижелерге толық баға берілді және одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сондай – ақ, депутаттар Осакаров ауданының әкімшілік сұрақтарын талқы таразысына салып, туристік Балхаш қаласы мен Ақтоғай ауданы шекараларында орын алатын кей өзгерістерге дауыс берді. Сан алуан сауал көтерілген жиында адамның серігіне айналған төртаяқтылардың мәселесі де көлеңкеде қалған жоқ. Енді үй жануарлары иелерінің жауапкершілігі артып, оларды серуендету тәртібі мен талабы жаңартылды. Алқалы отырыста облыстық мәслихат депутаттары бас аяғы барлығы 20 сұрақты қарастырды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар