ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ

17:13, 12 желтоқсан 2018

Бүгін Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары алдағы үш жылға облыстық бюджетті бекітті. Бөлінетін қаражаттың үштен бір бөлігі әлеуметтік салаға серпін беруге бағытталмақ. Бұл шамамен 53 млрд.теңге. Халық қалаулыларының 20 сессияда талқыға салған өзге де сұрақтары мен шешімдері жөнінде тілші тарқатсын.

Алдағы жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 30 пайызға артатын көрінеді. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында халық қалаулылары біліме беруге  23 миллиард теңге,  денсаулық сақтау саласына 8 миллиард теңге қарастырып отыр. Сондай-ақ, емхана, мектептер мен балабақшаларды жөндеуге 6 миллиард теңге бөлінген. Одан бөлек спорттық кешендерді жетілдіруге де қыруар қаражат игерілмек.

Людмила Башарина, қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

-Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тұрғын үй құрылысын салуға 7,7 млрд.теңге бағытталмақ. Көлік инфрақұрылымына 7420 миллион теңге бөлінетін болса,  сумен жабдықтау,  газдандыру және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту нысандарына 742 млн.қарастырылып отыр.

2019 жылы мақсатты жұмыстарға  22 млрд.теңге игеру жоспарлануда. Бұған жол жөндеу жұмыстары, агроөнеркәсіптік кешен, бизнесті қолдау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін жетілдіру кіреді. Облыс әкімі Ерлан Қошанов алдағы жылы өңірде маңызды нысандар бой көтеретінін алға тартты. Оның ішінде бассейн кешені мен жастар сарайы  секілді әлеуметтік ғимараттар бар.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-соңғы 11 айда өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуында өсім бар. Мысалға, өндіріс саласы 2,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,2 пайызға артқан. Құрылыс саласы да қарқын алып, 18 пайыз өсімге қол жеткіздік.

Депуттаттық корпус бір ауыздан облыстың алдағы үш жылына арналған бюджет қаржысын да бекітті.  

Жомарт ТАЛАСПЕКОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Облыстың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетін бекіту ҚР бюджет кодексінің 75 тармағына сай келеді. Ұсынылған құжаттар толығымен әзірленген. 

 

Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы сессия барысында 2018 жылы жүргізілген жұмыс туралы есеп берді. Аймақта еліміздің экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды цифрландыру бағдарламалары мен ұтымды жобалар іске қосылған.  «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі жобалар да жалғасын табуда.

Серік ӨТЕШОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы:

-Елбасымыз Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында бес жаңа әлеуметтік бастамаларды мәлімдеді. Бұл бастамалар бүгінгі таңда халыққа қатысты  маңызды мәселелерді шешуге бағытталды. Бұл табысты жобалар үшінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттық корпусы да осы бастамалардың барлығына қатысты ауқымды ақпаратпен айналысты.

Ағымдағы жыл басынан бері дәл осындай 6 сессия отырысы өтсе, маңызды 70-ке жуық шешім қабылданған. Оның ішінде, қаржыны игерумен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қамтылған.   

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар