Новодолинка кентінің тұрғындары жарықсыз қалуы мүмкін

Қызмет көрсетуші компания электр қуатына миллиондаған теңге қарыздар болып қалған үйлерді жарықтан ажыратпақ. Алайда халық ай сайын үзбей төлеп келеміз дейді. Сөйтсе, монополияға қарсы департамент бекіткен басқа тариф бойынша төлем жасаған

16:03, 20 ақпан 2017   439

Муллиновтардың отбасылық бюджеті бар болғаны 35 мың теңге. Бұл ақшаға азық-түлік алуы керек, балабақша ақысын төлейді және қалған қаражат коммуналдық қызметке жетуі тиіс. Осындай қиыншылықтарға қарамастан электр қуаты үшін үзбей төлеп тұрады екен. Алайда жарыққа қарызы неліктен бір айлық табысынан асып кеткенін түсінер емес.

Мұндай жағдайдан кейін Новодолинка кентінің ай сайын электр жарығы үшін төлем жасап келген өзге де тұрғындары қауіптене бастады. Өйткені бұл бір ғана жағдай емес. Ауылдың басым бөлігіне осындай тарифпен есептелген берешегі жөнінде түбіртек келген. Соммасы аз емес:кейбір жанұялар 20 мыңнан 150 мыңға дейін қарыз боп қалған. Кенттегі 6 мың адамға «Жезқазған энергосбыт» компаниясы қызмет көрсетеді. Бір қызығы, 2 жылдан бері коммуналдық мекеме ешкіммен келісілмеген тариф бойынша есептеп келген.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап компания өз еріктерімен электр қуатының тарифін 19 теңгеге дейін өсірген. Ал монополияға қарсы департамент бекіткен баға мүлдем басқа. Осы күнге дейін тұрғындар Заң аясында қойылған баға бойынша төлеп келген.  Мемлекеттік мекеме мен «Жезқазғанэнергосбыт» дұрыс-бұрысты дәлелдеу үшін екі жыл соттасып келеді.

Ал қызмет көрсетуші компанияның өз ұстанымы бар. Монополияға қарсы департамент елдімекен тұрғындарын негізсіз даурықтырып жатыр дейді коммуналдық мекеме мамандары.

Бұл іс әртүрлі құқық қорғау органдарында қаралған. Әділдік бірде тұрғындар тарпында болса, бірде коммуналдық мекеменің пайдасына шешілген. Енді міне, бұл іске Жоғарғы сот нүкте қоюы тиіс. Бір белгілісі, ақиқат анықталғанша, Новодолинка кентінен бөлек, Балқаш, Жезқазған, Сәтпаев қалаларының тұрғындары зардап шекпек.

Асылбек ТОЙБЕК 

«Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының ресми сайты

100000, Қарағанды қаласы, Жауынгер-интернационалистер көшесі, 14 үй Байланыс телефондары: 8 (7212) 41-11-25