МУЗЕЙЛЕР ФЕСТИВАЛІ

17:07, 16 мамыр 2018

«Көкжиегі кемел музейлер» осындай атаумен Астана қаласының 20 жылдығы мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің 40 жылдық мерейтойына арналған республикалық мұражайлар фестивалі басталды

Шуақты шара  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Республикалық фестивальдің басты мақсаты – музейлер арасында байланысты арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды сақтау. Игілікті шараға  еліміздің барлық өңірінен 14 музей қатысты. Елімізге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары да байқаудың бел ортасынан табылды. Ал, мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов мұражай қорына 18 ғасырға тиесілі қолжазбаны сыйға тартты. Құнды жәдігер ғасырлар бойы әулеттің жеке кітапханасында сақталып келіпті.

Әлихан БӘЙМЕНОВ, мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитет төрағасы

Яғни музей тарих пен мәдениет мектебі қана емес, патриоттық мектеп.  Адамзат өркениетінде үлес қосқан ұлы бабаларымыздың өмір сүргенін осы музейлер арқылы біз білдік.

Шара  барысында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұжымына  Жезқазған қаласы әкімінің алғыс хатымен  естелік сыйлығы салтанатты түрде табысталды. Сәні келіскен, мәні мен мазмұны астасқан фестиваль «Тарихта өз атынды қалдыр» атты акциямен жалғасты. Нәтижесінде мұражай қоры 276 жәдігермен толықты.

Еркебұлан АҒЫМБАЕВ,  облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұжымы  «ЭКСПО -2017» көрмесіне белсенді түрде қатысты. Халықаралық шараға керемет жәдігерлерін апарып,  барлығымызға үлгі болды. Көрерменді таңқалдырды. Осындай той құтты болсын.

Бұл күні Серке Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театры және Тайжан Қалмағанбетов атындағы филормония әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама  шымылдығын түрді. Жезді өңірдегі фестиваль  осылайша тарихпен сабақтасып, руханиятпен үндесіп  өрілді.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ 

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар