МӘРТЕБЕЛІ МҰҒАЛІМДЕР МАРАПАТТАЛДЫ

16:09, 4 қазан 2019

Теміртау қаласында ұстаздар күні ерекше сән-салтанатпен мерекеленді.Шуақты шарада 30-ға жуық мәртебелі мұғалімге құрмет көрсетіліп, қошеметке бөленді.Ұлағатты жандарды мерекелерімен ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы құттықтады.Құрышты қаладағы мәні келіскен жиын туралы біздің түсіру тобымыздан естіп білейік

Теміртау қаласындағы мәдениет сарайының төрінде шымылдығын түрген шаттықты шаралар тек ұстаздарға алма-кезек арналып жатты. Салтанатты жиынға   ҚР Білім және ғылым министрі арнайы келіп қатысты. Асхат Аймағамбетов  мұғалімдердің  білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегін салмақтап саралады.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,  ҚР Білім және ғылым министрі:

  • Елімізде бүгін үлкен, жақсы жұмыстар жүргізіліп жатыр осы білім саласы бойынша, нақты осы ұстаздарды қолдау бойынша.Өздеріңіз білетіндей мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде ұстаздардың жалақысын көтеру бойынша тапсырама берді үкіметке.Осы тапсырманың шеңберінде ұстаздардың жалақысы екі есеге өсетін болады.

Сәні келіскен  салтанатты жиында  ағарту саласында табандап тер төккен бірқатар парасатты педагогтарға «Еңбек ардагері» және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілер табысталды. Өз кезегінде Теміртау қаласының әкіміде ұлағатты жандарға жүрекжарды жылы лебізін жолдады.Ғалым Әшімов мырза мәртебелі мамандық иелерін марапаттады.

Ғалым ӘШІМОВ, Теміртау қаласының әкімі:

  • Біз үшін, халқымыз үшін, еліміз үшін маңызды күн.Бүгін сіздердің төл мерекелеріңіз, бүгін мұғалімдер күні сіздерге мол денсаулық тілеймін.Бүкіл алға қойған мақсаттарыңыз, жұмыстарыңыз оңай емес,соның бәрін жетістіктерге жете беріңіздер.

Мерейлі мереке қарсаңында  30-ға  жуық мұғалімге қадірлі құрмет көрсетілді.Ұстанымы ұлы мұраты ұйысқан ұстаздар   ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет»  грамотасы және «Алғыс» хаттарымен мадақталды. Ал Жанат Базарбаеваның  тарих пәнінен  сабақ бергеніне 25 жылдың жүзі болған. Бүгін педагог білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» атанды.Талай оқушының талабын ұштаған мұғалімге  марапат мотивация берді.

Жанат БАЗАРБАЕВА, Теміртау қалалық №15 мектеп –гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі:

  • Мен өз жұмысымды жақсы көремін,сүйікті жұмысым.Сол үшін менім алғысым шексіз деп айтуға болады.Менің еңбегімді бағалағаны үшін.

Шаттықты шараға 800-жуық адам қатысты.Ұстаздар күнінің көркін  кішкентай өнерпаздар қыздырды. Олар мәнерлеп өлең оқумен ғана шектелмей, мың бұрала биледі.Концерттік бағдарлама шеңберінде  Қали Байжанов атындағы  концерттіктің әншілері тамылжыта ән шырқады.Құрышты қаладағы дәл осы іспеттес жиындар барлық білім беру мекемелерінде  әсерлі жалғасын тапты.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар