МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫН СЕЗІНУДЕ

13:45, 20 тамыз 2019

Балқаш қаласында «Жастар жылы» аясында мемлекет тарапынан берілетін кәсіпкерлікпен шұғылданушыларға бөлінетін гранттың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Соңғы сегіз айдың көлемінде бірқатар жаңа табыс көздері ашылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетілуде

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Тоқыма, тігін тігіп, еңбектенетін жандарды көрсек, іскер әйел деген түсінік санамызға сарп етері анық. Алайда, бүгінгі кейіпкерімізге ісмер азамат деген атауды жөн көрдік. Өйткені, 28 жасар балқаштық Еркебұлан есімді бірінші топтағы мүгедек жан тоқыма саласына ден қойған. Талай тапсырыстарды тапжылмай орындап жүрген оның, үлкен цех ашсам деген арманы бар.

Бұл Еркебұланның жеке жұмыс бөлмесі. Жастайынан  іс икемдей жүріп, көргені, көкейге түйгені осы. Он екі саусағын өнер тамған анасы  ұлын осы кәсіпке жастайынан бейімдейді. Балқаш қаласы әкімінің «Жастар жылы» аясында  грант жеңіп алған  Еркебұлан қазір тоқыма құралын сатып алып, тапсырыстарды орындауда.

Еркебұлан ӨМЕКЕШОВ, кәсіпкер:

-Анам бала күнімнен тігін тігетін. Мен қасында көмектесіп жүріп, назар аудара бастадым. Тапсырыстар өте көп. Қазір, тоқыма жұмыстарын толықтай меңгеріп алдым.

Бұл қаз-қатар тізілген киімдер Еркебұланның өз ойымен, іскерлігімен жасалған дүниелер. Баласының тігіншілікке деген қызығушылығын құп көрген  анасы болса, отандық өнімді арттыру ұлымның арманы дейді.

Дана ӨМЕКЕШОВА, қала тұрғыны:

-Мұның бәрі Еркебұланның қолынан жасалған. Ендігі оның көздегені тігілген киімдерді дүкендерге қою. Сонымен қатар, тек бір ғана дана  емес, бірнеше дана ғып жасау. Міне, кардиган, әйелдер киімі, жеңіл күртешелер бар.

Дәл осы Еркебұлан секілді қала әкімінің 1 миллион  теңгеге жететін грантына биыл 4 азамат ие болып, өз кәсіптерін бастаған. Жастар арасындағы тың жобалар іріктеуге түсетін қыркүйек айында бұл көрсеткіш қыркүйек айында   тағы біршама артатын көрінеді. 

Жанғали АМАНТАЕВ, Балқаш қаласындағы  жастар ресурстық орталығының директоры:

- Балқаш қаласында тоқыма, мотоблок сату, арықтарды қазатын техникамен жұмыс жасау, косметикалық кабинеттер секілді жұмыстар жасалуда. Қала әкімінің грантын алған 4 жеңімпаз анықталды.

Міне, «Жастар жылы» аясында, Балқаш қаласында табысты кәсіптің кілтін тапқандар саны еселене түсуде. Нәтижесінде, былтыр 3 миллион теңгенің қолдауы берілсе, биылғы көрсеткіш 7 миллион теңгені құраған.  Ал, жастар ресурстық орталығы шаһардағы жұмыссыз жастарды да іске икемдеп, түрлі жобаларды жүзеге асыруға шақырып отыр.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар