МЕДИЕВПЕН ҚОШТАСТЫ

16:50, 7 қазан 2019

Белгілі Мемлекет және Қоғам қайраткері, Шет ауданының тумасы, Қарағанды қаласының тұрғыны Қасымбек Медиев дүниеден озды. Тұғырлы тұлғаны ақтық сапарға шығарып салуға республиканың түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері марқұм мен қызметтес болған әріптес достары мен ізбасарлары жиналды

82 жасқа қараған шағында дүние салған Қасымбек Медиұлы Еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол бұрынғы Егіндібұлақ, Ақадыр, Жезді аудандық және Жезқазған облыстық партия комитетінде бірінші және екінші хатшы, халық депутаттары атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Құрметті демалысқа шыққанға дейін Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы қызметін  атқарып, депутаттар корпусына жетекшілік етті. Атқарған қызметтері үкімет тарапынан өз әділ бағасын алды. «Құрмет», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерін омырауына тақты. Ақтоғай, Шет ауданы және Қарағанды облысының «Құрметті азаматы» болды. Ал,бүгінгі қаралы жиынға жиылған қауым алдында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің көңіл айту жеделхатын оқып, берді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Қоғам қайраткері, Қасымбек Медиұлының дүниеден өту туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадық. Қасымбек Медиев ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне экономикалық -әлеуметтік дамуына елеулі еңбек сіңірді. Республиканың мәслихат депутаттарының қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі ретінде еліміздің мәслихат депутаттар мәртебесін көтеруге атсалысты.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлға Қасымбек Медиұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына орны толмас ауыр қазаға ортақтасып, көңіл айтамын. Ол қай жерде қандай қызмет атқарса да, биік парасатымен мол білім тәжірибесі мен ерекшеленді. Егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар