МЕДИАТОРҒА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

13:23, 6 тамыз 2019

Елімізде «Медиация туралы» заңның күшіне енгеніне сегіз жылдан асты. Алайда, жанжалды сотқа дейін шешу әдісі әлі баяу, дейді мамандар. Бұл олқылықты соттардағы арыздар мен істердің саны жылдан жылға өсіп келе жатқандығымен де ұштастыруға болады. Алайда, өңір медиаторларының көздегені не? Көмекке жүгінген тұрғындарға медиатор қаншалықты қолжетімді?

Егер сіз қандай да бір мәселеңіз бойныша уақытыңызбен ақшаңызды үнемдеп, бастысы  жүйкеңізді жұқартқыңыз келмесе медиаторлардың көмегіне жүгініңіз. Ол үшін даулы құқықтық мәселелердің лайықты шешімін табуға өңірде медиация саласы қарқынды жетіліп келеді. Тіпті, татуластыру орталықтарына сенімсіздік танытатын жандар да бар дейді мамандар. Алайда,    ашық есік күнінде тұрғындар өз сұрақтарына жедел әрі тікелей жауап алды.

Медиация күніне арналған ашық есік күні Достық үйінде өтті. Мұнда кез-келген адам келіп, өз мәселесінің оң шешім табуына айқын бағдар алуға мүмкіндігі бар.  Құралай Түспаева – медиаторлардың көмегіне зәру жандардың бірі. Осыған дейін бірнеше несие алған Құралайға бүгінгі таңда тұрмыстық жағдайға байланысты төлем жасау қиынға соққан. Ол  төлемдер көлемін ұзақ мерзімге бөліп өтеуді  қайта қарау өтінішімен келген.

Құралай ТҮСПАЕВА, тұрғын:

-Міне, осы медиация орталығы маған көмектесті. Қайда бару керек, қандай құжат реттеу керек. Барлық бағыт бойынша өз мәселемді түбегейлі шешуге оң бағыт көрсетті.

Жалпы медиация ғасырлар бойы қалыптасқан. Бір кездері даулы қақтығыстарды құрметті ақсақалдар мен билердің көмегімен шешу дәстүрі болған. Қазіргі медиаторлар оны жаңа тұрғыда және заң аясында жандандыруды ұсынады. Қысқасы, медиация жанжалдарды  бейбіт реттеудің  жаңа бағытына айналуда. Динара Мүтібаева, бес жылдан бері медиатор болып  жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде оған бес жүзге жуық адам жүгінсе, шамамен тоқсан пайыз істі сотқа жеткізбей шешкен.

Динара МҮТІБАЕВА, Октябрь ауданының медиатор-судьясы:

-Татуластыру рәсімдерін жүзеге асырудағы бұл әрекетті тіпті медиация күніне арналған медиация жәрмеңкесі деп атауға болады. Бұл адамдар келіп, тегін кеңес алып, дауды соттан тыс шешуге мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, тараптарға сот шешімі шыққанға дейін екі жақты келісімге келуге болады.

Дау-дамайға түскен тараптарды тәуелсіз медиатордың көмегімен татуластыру жобасы елімізде 2011 жылдың қаңтарынан бастап ресми қолдау тапқан. Дәл сол кезде жаңа мамандық мәртебесін белгілейтін заң күшіне енді. Кәсіби медиатордың  жасы 25 асқан және жоғары білімді болуы керек. Қазіргі таңда республика бойынша дайындықтан өткен жеті жүзден астам медиатор бар.

Айман САҒАТАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар