МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖӨНДЕЛУДЕ

18:05, 20 мамыр 2020

Октябрь ауданына қарасты Жаңа майқұдық мәдениет үйіне жоспарлы жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 234 млн теңге бөлінген. Білек сыбанып, межелі міндетке кіріскен мердігерлердің жұмысын қалалық мәслихат депутаттары тексеріп қайтты

Қабырғасы 60 жыл бұрын қаланған бұл қара шаңыраққа осыдан бірнеше жыл бұрын кезең - кезеңімен жөндеу жүргізілген. Алайда, жауапсыз мердігерлердің қолынан өткен нысанның жағдайы мүшкіл тартып, мәдениет ошағына келушілер саны біршама төмендеген. Көктем сайын төбеден аққан су мен ұсқыны қашқан ғимарат мәселесі халық қалаулыларының да алаңдаушылығын тудырғаны жасырын емес.

Рухани орданың есігі - өнерсүйер қауымға ашылмағалы да біраз болыпты. Жыл сайын қаражат бөлініп, жөндеуден өтетін нысанның 2019 жылы тоқ желісі ауыстырылса, тағы екі жыл бұрын жылу жүйесі жаңартылған. Осы орайда депутаттар тарапынан заңды сауал қойылды: -Неліктен мәдениет үйін кешенді жөндеуден өткізбеген? - дейді олар.

Самат ОСПАНОВ, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты:

- Жөндеу жұмыстарына деген біздің көзқарасымыз – жұмысты кешенді жүргізу керек. Себебі, біз жылда бір мәселемен бетпе - бет жүздесеміз. Жыл сайын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалады немесе қайта жөндеуді қажет етіп жатады. Мәселен, мына нысанда жылыту жүйесі екі жыл бұрын қалыпқа келтірілген. Енді бұл жолы оған тиіспейді.

Айта кету керек, ғимараттың шатырын ауыстыру міндеті де аталмыш компанияға жүктеліпті. Бұл мақсатқа бюджеттен тағы 99 млн теңге қарастырылған. Қалалық мәслихат депутаттары мәдениет бөлімі мен мекеме басшысына жөндеу жұмыстарын қатаң қадағалау керектігін ескертті. 

Сайран СЫЗДЫҚОВА, Қарағанды қалалық мәслихат депутаты:

- Бұл мәдениет үйіне қыруар қаражат жұмсалуда. Жөндеу жасамас бұрын әуелі сараптама жасау керек қой. Шатырдан бастап, төбені, қабырғаны бәрін алдын ала зерттеп алады. Ал сіздердің мына жұмыстарыңызға қарап, көз мөлшерімен не істеу керегін анықтап, жұмысқа кіріскенге ұқсайды.

Енді мәдениет үйінің кезекті жөндеу жұмыстары "ҚазНұрстрой" ЖШС - нің еншісіне өтті. 2009 жылы негізін қалаған компания ғимараттың ішін қалыпқа келтірмек. Олар өнер ошағының 113 бөлмесіне отандық өнімдерді пайдалана отырып, cәулет ерекшелігін сақтау арқылы жаңа өң сыйламақ. Жауапты іске жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған қала тұрғындары да жұмылдырылады.

Оспан АЛДАБЕРГЕНОВ, «ҚазНұрСтрой» ЖШС директоры:

- Жол картасы бойынша біз 20 адамды жұмысқа алуымыз керек. Сондықтан жұмыспен қамту орталығымен келісімшартқа отырдық. Олар біздің өтінішімізге сәкес мамандарды жіберіп жатыр. Еденнің жұмыстары, қабырғалар бар - барлығын жөндеу барысында ғимараттың сәулет ерекшелегін бұзбай, сапалы жөндеу жасау керек болып тұр.

Майқұдық руханиятының жүрегіне айналып, ауданның сәнін келтірген маңызды нысанды мердігерлер тіпті мерзімінен бұрын тапсырыс берушілерге өткіземіз деп - уәдесін берді. Партиялық комиссия мүшелері болса, өз тарапынан жыл сайын жөндеуі жырға айналатын мекеменің осы жұмысын жіті бақылаймыз - деп ескертті.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар