МАРҒАСҚА МАРТБЕККЕ ТАҒЗЫМ!

14:03, 29 маусым 2020

Жүрегі ұлтым деп соққан дара талант. Қазақ журналистикасының мақтанышы, сатирик Мартбек Тоқмырзаның дүниеден озғанына он жыл өтті. Осыған орай, одан тәлім алған шәкірттері ұстаздарына арнап ескертікш тақта орнатты

Мемориялды тақта Құрылысшылар даңғылы бойында орналасқан №13-ші үйдің бұрышына орнатылды. Бұл үйде Мартбек Тоқмырза тұрған. Шараға оның шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері және саясат майталмандары,  туыстары мен әріптестері қатысты. Айта кетейік, кезінде ұлағатты ұстаздың қолынан журналистика әліппесін үйренген жас студенттер бүгінде республикадағы беделді телеарналар мен газеттерде және жекелеген сайттарда жемісті қызмет етіп жүр.

Айым СӘДУАҚАСОВА, «Baq.kz» сайты бас редакторының орынбасары:

-Мартбек Тоқмырза қоғамда маңызды рөл атқарған журналисттің бірі. Қазақ халқы рухани биіктеу үшін көп еңбек етті. Соңынан қаншама шәкірттер қалдырды.  Ең алғаш осы республика бойынша "Қозы көрпеш, Баян сұлу" күнін қолға алып, қазақтың махаббат мерекесін бастап берді. Ол әлі күнге дейін тойланып, дәстүрге айналған.

Мартбек Тоқмырза - Қарқаралы ауданында 1968 жылы дүние келген. Ол өзінің еңбек жолын «Сарыарқа» телеарнасынан бастаған еді. Осы жерде жүріп  «Біз жанбасақ» және «Езу тартар» бағдарламаларын дайындап,  көрерменнің көзайымына айналды. Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы бола жүріп, көптеген шәкірт дайындады. Талантты журналист 2010 жылы Қарағанды қаласында  бар болғаны  42 жасында бақиға аттанды.. Бірақ, өз ұлтына адал қызмет етіп кетті. Ол келер ұрпаққа мұра ретінде сатира жанрындағы «Жымиясың сен неге» және «Мәселенің мәні» деген қос кітапты қалдырды. Оның көзін көргендер ол өз ұстанымына болаттай берік, қарымды журналист болғанын айтады.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы:

-Қарағанды жұртшылығы үшін Мартбек Тоқмырзаның атын атап таныстыру әбестік шығар. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға ақылшы болған. 90 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетте ұзстаз болды. Артынан қаншама шәкірт ертті. Солардың бірі болдық деп ауыз толтырып айта аламыз. Арқа сүйер ағамыз болды.

Мартбек Тоқмырза -Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер мен балалар кітапханасында «БОТА» интеллектуалды жастар орталығының іргетасын қалады. Жиырма жылдан астам тарихы бар орталықтан қаншама талантты ақындар мен өнерпаздар қанат қақты. Олар да қазір ұлтының бір жыртығын жамауға қабілетті зиялы қауым өкілдерінің қатарынан көрініп жүр.  Марқұм Мартбек Тоқмырза – елге қызмет етем деушілерге жарқын үлгі болатын ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер еді.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар