МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

14:29, 12 ақпан 2020

Облыс орталығындағы көшелерді қардан тазалауда коммуналдық сала өкілдері саябырлық танытуда. Ауа-райы бұзылған кезде қоғамдық көліктер де уақытылы қатынамай, жолаушыларға қолайсыздық тудыруда. Күрделі жөндеу күтіп тұрған көшелер де жетерлік. Өзекті мәселені облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жиында қарастырып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жиынды коммуналдық сала және автопарк жетекшілерімен өткізіп, бірқатар бағыттағы жұмыстарды сынға алды. Аймақ басшысы, қар тазалығындағы жұмыстар уақтылы жүргізілмей жатқанына наразылық білдірді. Салдарынан жаяу жүргіншілер жүретін жолдарда мардымсыз күйде. Сондай-ақ, күн күрт бұзылса болды, кестеден бұрын тоқтап қалатын қоғамдық көліктердің де қызметіне көңіл көншімейтінін жасырмады. Аталған мәселені шешу үшін автопарктер жол полициясы және синоптиктермен  тығыз байланыста болу қажеттігін атап өтті.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

- Бірқатар қоғамдық көліктер сағат 2-3 тен кейін  жұмыстарын тоқтатқан жағдайлар кездесті. Кейбір участкелерде ауа райының нашарлауынан көру мүмкіндігі нөлдік деңгейге дейін барды. Адамдар Пришахтинск, Майқұдық, Сұрыптау елдімекендеріне жете алмай қалды. Алдын ала барлық жағдай ескертіліп, хабардар болып отыру қажет қой.

Аймақ басшысының ескертпесін естіген Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы үзбей жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Мәселені түбегейлі шешуге техника жетіспеушілігі барын да жасырмаған қала әкімі, қар тазалағыш жаңа техникаларды сатып алу қажеттігін айтты.  Осы арқылы сенімді басқару, жалға беру ұсынысын ортаға салды. Бұл мердігерлермен жасалған үш жылдық келісімді жөнге келтіруге таптырмас жол, - дейді Нұрлан Әубәкіров.

Нұрлан ӘУБӘКІРОВ, Қарағанды қаласының әкімі:

- Біздегі автокөлік жолдарының ұзындығы 982 шақырым. Оның тек 571 шақырымын ғана қамтып отырмыз. Көлем шынымен де арту үстінде. 2015-2016 жылдары 450 шақырымдық аумақ қана болса, жыл сайын көлем артып келеді.

Жиында, Магнитогорскі, Карл Маркс көшелерін жөндеу жұмыстары да қарастырылды. Майқұдық елдімекеніндегі басты жол желісін көктем мезгілінен бастам ретке келтіру шаралары басталмақ. Бұл міндет  «Казақжолқұрылыс» ЖШС-не жүктеліп отыр. Қаладағы ең ұзын көшелердің бірі 10,8 шақырым қашықтықты екі жыл көлемінде ретке келтіруі тиіс. Жеңіс Қасымбек жиын соңында, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде жол полициясымен бірге айналма жолдар туралы алдын-ала ойластыру керектігіне тоқталды. Бағдаршамдарды өшіру кестесі кезінде тұрғындарға  қолайсыздық тудырмай жолдарын қарастыруды баса айтты.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар