ҚҰЖАТТАҒЫ ҚАТЕЛІК САРСАҢҒА САЛДЫ

14:32, 9 қаңтар 2019

Жасы қырықтан асқан келіншек өзінің 1,5 ғасырлық жасына алаңдаулы. Қарағанды тұрғыны қолындағы төлқұжат бойынша 143 жаста. Енді, Натаья Щибучик өзіне құжат дайындаған мекеме қателігі кесірінен зейнетақы аударымдарына қол жеткізе алмай әбден қиналған

Төлқұжат бойынша 1,5 ғасырдың куәсі болып саналатын қарағандылық Наталья Щибучиктің мәселесін айтып бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Келіншекке 1996 жылы берілген төлқұжатта туған жылы 1875 деп көрсетіліпті. Қатеге толы маңызды құжатты жаңартқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Бәрі де ұмыт болды деп жүргенде өткен жылдың мамыр айынан бастап оның зейнетақы аударымдарын банктер қабылдаудан бас тартқан. Терминалға телмірсем «жұмысшы» зейнет жасына жеткен деген жазба ғана шығады дейді, Наталья.

Натаья ЩИБУЧИК, қала тұрғыны:

-Менің мәселемді мемлекеттік қызметкерлердің өзі де шеше алмай отыр. Мен жеке кәсіпкермін.  Салық басқармасынан зейнетақы жөнінде қарызым бары жөнінде хабарлама келеді. Мұның соңы айыппұл төлеуге алып келеді. Енді не істерімді білмеймін.

Наталья табалдырығын тоздырған құзырлы мекемелерден бізде мардымды жауап алуға асықтық. Алайда, зейнетақы қоры,   көші қон полициясы, азаматтарға арналған үкіметтегілер бұл мәселеге қатысты  жарытып ештеме айтпады.

Айдана ЖӘНІБЕКОВА,  «Азаматтарға арналған үкімет» ММ өкілі:

-Бұл жерде еш мәселе жоқ деп ойлаймын. Азаматшаның анықтамасы базадағы нұсқамен сай көрсетілген. Туған жылы жөніндегі датамен сәйкестендіру номері де сай келеді. Наталья Михайловна тек екінші деңгейлі банктерге барып өз мәселесін шешу керек.

Нәзира БАЙМАҒАМБЕТОВА,  көші-қон полициясы басқармасының инспекторы:

-Тұрғындарды құжаттандыру ақпараттық базасы деректері бойынша, сондай-ақ, жеке тұлғалардың мемлекеттік базасыбойынша жүргізілген тексеріс нәтижесі азаматтың төлқұжатында қате жоқ екендігін көрсетті.

Күрмеуі көп мәселеге нүкте қою әлі ерте. Өйткені, барлық мемлекеттік құрылым мамандары мұндай жайттың алғаш кездесіп отырғанын жеткізді. Банктерден жасы елуге толмаған клиентке неге зейнет жасын бергенін анықтау мүмкін болмады. Натальяның өзі сотқа арыз беріп, мәселемді біржақты етсем дейді. Бірақ, басы қатқан келіншектің қай мекеменің үстінен шағымданарын білмей жүргені тағы бар.  

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар