ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

17:13, 12 тамыз 2019

Болашақта Қарағандының триатлон саябағында Олимпиада Даңқ Аллеясы пайда болады. Сондай-ақ, облыстағы басты темір жол вокзалының құрылысы да қарқынды жүруде. Маңызды нысандарда жасалып жатқан жұмыстармен арнайы танысқан аймақ әкімі Ерлан Қошанов өзге де әлеуметтік бағыттарды бақылаудан өткізді

Қарағанды қаласында триатлон саябағының құрылысы қазір жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Ашық аспан астындағы спорт нысаны Көгілдір тоғандар мен Оңтүстік-Шығыс шағын аудандарының арасында пайда болады. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жеке инвестициялар есебінен салынуда. Триатлон паркінде спортпен шұғылдануға арналған аймақтардан басқа, әлемдік ареналарға қатысқан Қазақстан мен облыстың атақты спортшыларына арналған спорттық Даңқ аллеясы да құрылмақ.

Айдос МҰҚАТАЕВ, «Eurasia Building» ЖШС басқарма төрағасы:

-Барлық жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр. Бірінші кезеңде бірінші қашықтық және 150 автомобильге арналған тұрақ аймағы ашылады. Бұл аумақ тамыз айының соңына қарай аяқталмақ. Қыркүйек айының соңына қарай екінші кезеңді аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жаңа  кешенде   футбол, баскетбол,теннис және шахмат әуесқойлары үшін көптеген алаңдарда жасанды көгал,    спорттық жабдықтар қойылмақ. Қазірдің өзінде болашақ триатлон паркін абаттандыру жұмыстары да басталып кетті. Әзірге  800 ағаш отырғызылып, көгалдандыру шаралары жалғасуда.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов темір жол вокзалының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысыменде танысты. Аталмыш нысанды қатаң бақылауға алған аймақ басшысы осыған дейін жаңа кейіпке енетін вокзалды  қыркүйек айында қолданысқа беруді тапсырған болатын.  

Өміртай ШЕРИЯЗДАНОВ, вокзал шаруашылығының магистральды желі бойынша директордың орынбасары:

-Қыркүйек айында біз жолаушыларды қабылдай аламыз.  Белгіленген мерзімде үлгеру үшін құрылыс материалдарын жеткізу жеделдетіліп, бригадалардың саны арытады. Бүгінде эскалаторлар орнатылып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бөлмелер, жолаушылардың багажын қабылдайтын арнайы орындар дайындалып жатыр.

Вокзалдың ескі ғимаратындағы жөндеу жұмыстарының шамамен 70-80% аяқталған. Қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалының өткізу қабілеті екі есеге артып, тәулігіне 8000 жолаушыны қабылдай алады.Ал, вокзалдың жаңа терминалының құрылысы қазан айында толықтай қолданысқа беріледі. Ғимараттың үш қабатты жаңа кейіпінде кассалар, күту залдары, медпункт, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған демалыс бөлмесі, сауда дүңгіршектері орналаспақ.

Ерлан Қошанов Көтерме және тарату логистикалық орталығының құрылысында аралап көрді. Мұнда жұмыстар кестеге сай жүруде. Нәтижесінде, талапқа сай жеміс- жидек, көкөніс сақтау қоймалары жұмыс істеп, сыртқы тасымалға қарқын бермек.  Жобаны жүзеге асыру аймағымызда тауарлардың бағасын төмендетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Облыс әкімі Құрылысшылар даңғылы бойындағы жолды қалыпқа келтіру жұмыстарымен де танысты. Қазір жоспардың 70 пайызы аяқталған. Бірер күнде Приканальный бағыты қолданысқа беріледі. Ал, Құрылысшылар даңғылы жолын толықтай іске қосу қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Наталья МАЛЬЧУШКИНА, мердігер компания директоры:

-Жұмыстар бекітілген кестеден ауытқымады. Қазір асфальт төсеу жұмыстарын қыркүйекке дейін аяқтау басты міндетіміз болып отыр. абаттандыру шараларын қазан айында аяқтап, жол жиектерінің қорғаны мен бардюрлерді түбегейлі аяқтаймыз.  Қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон төселуде.

Биылғы жылы Магнитогорская және Карл Маркс көшелерінде жол жөндеу жұмыстары басталады. Бұл 2019-2021 жылдарға есептелген үш жылдық жоспар аясында жүзеге аспақ. Қазіргі таңда байқау процедуралары аяқталып, жақын арада мердігерлер анықталады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар