Көктемгі су тасқыны Ағадыр кентінің тұрғындарын да әбігерге салды

14:46, 3 сәуір 2017

Үйлерге су кіріп, тіпті 30 сантиметрге дейін көтерілген. Бұл жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында екі тәулік толассыз жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан орын алып отырған жайт деседі мамандар. Ауданның атқамінерлері тайлы-тұяғымен су қаупі басым елді-мекендерді бақылап жүр

Сопы тауынан келген қызыл су кент ішіне кірген. Оның үстіне 2 күн қар аралас жаңбыр жауып, жердің тонын жібіткен. Нәтижесінде  Гарем және Пекарский көшелеріне су кірген. Төтенше жайттың сыры мол. Оқыстан үйіне су лап   қойғанда абдырап қалдық дейді Гүлмира  Жазықбаева. Бірден жиһаздарын жинастырып, жансауғалай бастаған. 4 бөлмелі үйдің бәріне су кірген екен. Бүтін бір отбасы қазір туысқандарын паналауда. Себебі, баспаналарына кем дегенде 3 ай кіруге болмайды.  Үй шеткері орналасқандықтан бұл отбасы  жылда су зардабын шегеді екен. Сол күні төтенше оқиғаның алдын алу үшін 18 техника жұмылдырылған. Ағып жатқан таудың қар суы әлі де толастар емес. Сондықтан тұрғындармен бірлесіп, бөгеттер жасалуда. Қап қап құм салынып, су енеді дейтін жерлерге қойылуда. Ағадыр кентінде 4 арнайы  құрылғымен көшелерден су сорылуда. Қазір тау суы екі көше бойымен далаға  құйылуда.  Ағадыр кентінде 37 су ағар  жұмыс істеп тұр. Жергілікті әкімдік  бұл жағдайды көп суытпай шешеміз деп сендіріп отыр. Биыл ауылдан 800 тонна қар шығарылған. Ал үйлері жылда су тасқынынан зардап шеккен отбасыға Шет ауданының әкімдігі биыл тиісті көмек көрсетеміз деп уәде етті.

Гүлбақша  АҚАЖАНОВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар