ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АҚСАП ТҰР

13:51, 12 маусым 2019

Қарағанды облысында 1991 жылы 2 миллион қой болса, қазір соның жартысы ғана қалған. Бұған себеп ұсақ мал шаруашылығына жұмысшы күшінің тапшылығы, етіне сұраныстың аздығы және жүнді өткізетін жердің болмауы. Әсіресе осы жүнді кәдеге жарату үлкен түйткілді мәселеге айналып отыр. Соның салдарынан бір кездері малы өрісте мыңғырып жатқан шаруашылықтар құрып барады

Зәрузада Тәукеев Ақтоғай ауданындағы жалғыз селекционер-маман. Көп жылдар етті, әрі биязы жүнді дегерес қой шаруашылығын дамытуға атсалысқан. Кезінде осы өлкеде асыл тұқымды бұл қой мыңғырап өрсе, қазір соның төрттен бір бөлігі де қалмаған.

ЗӘРУЗАДА ТӘУКЕЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

-Кезінде бұл дегерес қойы ауданда 250 мыңға дейін жеткен. Бұл қойды қолға алмасақ, етін өткізуді дамытып, жүнін іске асырмасақ бұл қой құрып кетуі мүмкін.

Қазір жүн ешқайда өтпейді. Жеңіл өнеркәсіп ақсап тұрғандықтан оған сұраныс жоқ. Елдің Оңтүстік өңірлерінен келіп жүн қабылдап көрші мемлекеттерге өткізумен айналысатындар да қара көрсетпегелі қашан. Себебі баға мардымсыз. Фермерге де, тасымалдаушыға да тиімсіз. Жеке ауладан да, шаруашылықтан да шыққан жүн тау болып қоқыс полигонында жатыр.

ҚАБДОЛЛА НӨКЕРБЕК, ауыл тұрғыны:

-Қойы бар фермерлер бар. Жалғыз жеке меншік секторлар ғана емес.Жүн қабылданбайды. Барлығын мусорға апарып тастаймыз.

Елдегі жеңіл өнеркәсіптің мардымсыздығы, жүнге сұраныстың жоқтығы Абзал сынды кәсіпкерлердің де жұмысын қаңтарып тастады. Жылына 120-130 тонна жүн қабылдаған цехы соңғы екі жылда бос тұр.

АБЗАЛ ӘБДІҒҰЛОВ, кәсіпкер:

-Жүнді 1998 жылдан бері жинадым. Ол кезде субсидия берілетін. Алматы кілем зауытына өткізіп жүрдік. Ол да тоқтады. Өңдеу ісін дамытсақ. Өз өндірісіміз болса екен.

Қой етінің өтімсіздігі де шаруаларға қолбайлау. Оның бағасын келістірудің жалғыз жолы- экспортты ұлғайту. Өткен жылы Қарағанды өңірі мен Қытай мемлекеті тарапынан келісім-шарт жасалып 32 тонна ет жіберілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Ауыл шаруашылығының қаржы инститтуттары арқылы несиелендіру қолға алынған. Мақсат-қой санын арттыру болатын.

СЫРЫМ БОШПАНОВ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-15 мың басқа былтыр несие алды адамдар. Бірақ өкінішке орай сол алған мал ауыл ішіндегі шаруашылықтардан алынды. Сырттан әкелінбеді. Ол облыстағы қой санының өсуіне ешқандай ықпал етпеді. Барлық жоғы сырттан 400 ақ бас әкелінді.

Ал жүнді өткізу, өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тарту бағытында жергілікті билік тарапынан үнемі ізденіс жасалып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Фермерлер  жұмысшы күшіне де зәру. Міне осы айтылған мәселелердің барлығы түптеп келгенде фермерлерді қой шаруашылығын орта жолдан тастауға еріксіз итермелейді. Бұлай жалғаса берсе шопан таяғын кім ұстайды,-дейді жасы 72-ге келсе де осы саланың жанашыры болып жүрген Зәрузада ақсақал.

Ботабек МАРАТҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар