КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТЕ БАСТАДЫ

12:53, 15 мамыр 2020

Қарағанды облысында үйлерге газ тарту жұмыстары басталды. Бүгінгі күні «Сарыарқа» магистральді газ құбыры маңынан автоматты тарату станциясы салынып бітті. Көгілдір отынның қызығын алғаш болып өңірде үш қала мен бір ауыл көретін болады. Олар Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалалары мен Талап ауылы

Газ тарту жұмыстары Қарағандының шеткі жеке үй секторларынан бастау алды. Бұл тұрғындардың көптен күткен қуанышы,-дейді Ринат Түкебаев. Ол бұған дейін қыста 10 тонна көмір жағып келген. Әр тоннасын 12 мың теңгеден  сатып алатын. Оның үстіне пеш жағу машақаты бар.

Ринат ТҮКЕБАЕВ, қала тұрғыны:

-Пештің қиындығы енді бір адам қыста отыру керек оны жағып. Газдың тиімділігі ол біріншіден тазалық қой. Екіншіден көмір алмайсың. Газ әрі арзандай болады деп ойлаймыз.

Газ алдымен Жезді өңірдегі Талап ауылына тартылды. Енді биыл Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы жеке секторлардағы 300 үй қамтылады. Қазір қалалардың маңына автоматты газ тарату станциялары салынды. Орталық магистральдан келген құбыр үй сыртына дейін ғана тартылады. Бұған қоса есептегіш құралын орнатады.

Кирилл ДАНИЯРОВ, мердігерлік компанияның бөлімше басшысы:

- Ары қарай әр тұрғын өзінің қаражаты есебінен газ құбырын үйіне тартады. Оның бағасы пайдаланылатын қазандығына байланысты болады. Шамамен орташа бағасы 200-250 мың теңге.

Өңірдегі үш қалада орталық жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлер өте көп. Мысалы, Қарағандының өзінде 25 мыңға жуық жер үй мен 221 көпқабатты үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Газдандыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Қазір жылу энергия орталықтарын газға көшіру мәселесі де айтылып жүр. Бірақ бірнеше түйткіл бар.

Данияр КӘРІБАЕВ, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

-Ол бойынша бөлек жоба жасалу керек болады. Екіншіден қымбат. Үшіншіден Қарағанды аймағы көмірлі аймақ. Біздің негізгі тұтынушылар көмірді ЖЭО мен қазандықтар.

«Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырының игілігін 3 миллион адам көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өлкелерде экологиялық ахуал да едәуір жақсарады деген сөз.

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар