ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫ...

17:01, 29 мамыр 2020

Бүгіннен бастап аймақта карантин талаптарын жеңілдетудің жаңа кезеңі басталды. Енді Теміртау мен Ботақара кентін қоспағанда, облыстағы барлық қоғамдық тамақтану орындары келушілерді қабылдауға дайын. Мұндағы басты талап, олардың әрқайсысы дайындық жұмысын растайтын құжатты иемденуі керек. Кеншілер шаһарының дәмхана, мейрамханаларыны - бұл міндетті қалай орындап жатыр?

Бірнеше айға созылған үзілістен кейін, қоғамдық тамақтану орындары қалыпты өміріне қайта оралмақ. Жеке ісі кенжелеген дәмхана мен мейрамхана иелері бұл сәтті тағатсыздана күтті. Табысынан уақытша қол үзіп, сүйікті ісі тұралаған бизнес өкілдері жаңа талаптарды қатаң қадағалауға міндеттелді. Мәселен, олардың әрқайсысы санитарлық қызметтерден арнайы рұқсатнама алуы шарт.

Қанат АСҚАРОВ, облыстың бас санитар дәрігері:

- Әрбір жеке меншік иес ашылуға дайын екендерін дәлелдеу үшін арнайы актіге ие болуы қажет. Оларға мұндай құжатты бақылау тобы береді және дәл осы жауапты тарап дәмханалар мен мейрамханаларда әрі қарай бақылау жүргізетін болады. Егер олар тексеріс барысында олқылықтарды анықтаса, мекеме жұмысын тоқтатады.

Жағымды жаңалық жұмысын жандандырған сондай дәмханалардың біріне біздің түсірілім тобымыз арнайы барды. Мұнда жинастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алайда, мекеме - келушілерге есігін әлі ашқан жоқ. Себеп: жоғарыда аталған акті кафе иесінің қолынан табылмады. Алайда, бизнесмен мобильді топқа өтініш қалдырып қойыпты.

Ильмира ЕШКИНА, кафе меңгерушісі:

- Бас санитар дәрігердің талаптарын қатаң сақтайтын боламыз. Қазір маңайды бәрін жинастырып жатырмыз. Нысанның ауасын тазарту бойынша техникалық қызмет көрсетілді. Барлық нормаларды сақтаймыз.

Аяқ асты екі айға демалысқа аттанған кафе ұжымы тәртіпке бағыну – міндетіміз деп отыр. Уәдесіне берік мекеме басшылығы дәмхана келушілеріне арнап қорғаныс құралдарын сатып алған. Яғни, мұндағы қызметкерлерден бастап келушілерге дейін, барлығы дерлік  бет – перделермен, медициналық қолқаптармен және антисептиктермен қамтамасыз етіледі. Қоғамдық орынның өнімдері де тексерістен өтіп, сертификатталған. Дәл осындай жан – жақты қамтылған сақтық шаралары аймақтың барлық дәмханалары мен мейрамханаларында болғаны абзал.  

Кафе әкімшілігі қазірдің өзінде тұрақты келушілерден қоңырау көптеп түсуде – дейді. Мұндай тамақтану орындарына бір мезетте 30 адамға ғана қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Айта кетейік, 29 мамырдан бастап облыс көлемінде 1442 қоғамдық тамақтану мекемелері жұмысына кіріспек. Бұл тізімде: дәмханалар мен асханалар, мейрамханалар және фудкорд алаңдары, түнгі клубтар мен жүрек жалғар ас түрлерін саудалайтын  арнайы орындар бар.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар