ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

12:03, 13 қаңтар 2021

Қарағанды қаласындағы бірқатар қоғамдық көліктердің жүру интервалы тым ұзақ. Әсіресе №7,13 маршруттардың қатынауына халық наразы. Жұмысқа жете алмайсың, жетсең қайта алмайсың. Ал, сықырлаған сарышұнақ аязда жолаушылар тіптен қиналады екен. Бұл келеңсіздіктерге не себеп?

Қаладағы №7, 13, 33 автобустардың жүру кестелері стандарттық интервалдарға сәйкес келмейді. Әсіресе, таңертеңгілік және кешкілік ең аз дегенде 30 минут, тіпті 1 сағатқа дейін күтуге тура келеді. Ал, қақаған аяз бен боранды күндері тіптен әурелейді. Оған қоса қоғамдық көліктер іші тым суық, ескірген. Кейде орта жолда бұзылып қалады, - дейді тұрғындар.

1.№7 маршрутқаның кестесі сұмдық. Автобустардың интервалы 5-7 минут, әрі кетсе 10 минут болуы керек. Ал, біз 40 минут күтеміз. Кешке тіпті жұмыстан қайту мүмкін емес. Менің көбіне таксиге мінуіме тура келеді.

2.Мен №13 маршруткаға шағымданамын. Кеше міне мен жаттығу залынан шыққан соң 1 сағат күттім. Күндіз, жұмыс күндері дұрыс жүрмейді.

3.№33 автобус та дұрыс жүрмейді. Қаладағы қоғамдық көліктерге көңілім толмайды.

Жолаушылардың шағымдарына көз жеткізу үшін біздің түсірілім тобымыз да аялдамаларды аралап, маршруттарды күттік. Мысалы, «Боулинг» аялдамасына тоқтайтын №7 автобусты 35 минут, «ЦУМ-АБЗАЛ»-да 13 маршрутты 25 минут күттік. Себеп-салдарын түсіну үшін көлік жүргізушісіне бір-екі сұрақ қойған едік. Алайда, жауап беруден бас тартты.

Тұрғындардың ашуын туғызып, әбден мезі еткен сұрақтың жауабын қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен сұрадық.

Асыл  ТӨЛЕУБАЕВ, қалалық жолаушылар көлігі автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қаладағы қоғамдық көліктер тұрғындардың көңілінен шықпайтыны анық. Осыған дейін №7, 13 маршруттар «Арман» автопаркіне тиесілі болды. Олар игере алмағандықтан 2020 жылы «Такси комбинаттың» қарамағына жібердік. Негізі автобустардың жүру интервалы 10 минуттан аспау керек. Алайда, бізде бұл мәселе қалыс қалуда. Оған себеп, автобустардың саны аз және тозығы жеткен. Қазіргі кезде №7 маршрут бойынша 12 көлік бар. Таксокомбинат жаңа автобустар аламыз. Бәрін реттейміз деп отыр.

Жауапты мекеме мамандары бұл сұрақ биыл оң шешімін табады, - деп сендірді. Енді біздің журналистер қауымы да мәселені назарда ұстайтын болады.

Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар