ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР БАҚЫЛАУДА

13:07, 10 қазан 2019

Ағымдағы жылдың басынан автобус жүргізушілерінің 654 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның 5 – уінде адам өлімі орын алған. Мұндай келеңсіз деректі Полиция департаменті мамандары баспасөз мәслихатында айтты

Жол ережесін бұзу өз алдына, сондай – ақ қоғамдық көліктерді техникалық қадағалау барысы да кемшілікке толы. Жыл басынан бақылау жұмыстарына немқұрайлы қараған 10 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңға қайшы әрекеттері үшін олардың жұмысы алты айға дейін тоқтауы мүмкін. 

Дастан ЖҰМАҚҰЛОВ, облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары:

-Бұл дегенің, қоғамдық көлік техникалық бақылаудан еш кедергісіз өтеді, бірақ жүрген кезде түтіні будақтап, айналаны әбігерге салады. Осы орайда олар техникалық бақылаудан қалай өткен деген сұрақ туындайды? . Техникалық бақылаудан өткізу барысы бәсекелестік ортада жүретіні белгілі. Сондықтан, бақылаушылар газ анализаторларын, түтін өлшегіштерін пайдаланбайды. Осылайша, осы көліктер қолданыста еркін жүреді.

Қазан айының 10 мен 17 аралығында Полиция департаменті «Автобус» профилактикалық шарасын жүзеге асырмақ. Бұл кезеңде қоғамдық көліктердің тек қалалық емес, қалааралық маршруттарының да техникалық жағдайын мұқият тексеру жүргізіледі. Мамандар жылыту, қозғалтқышты майлау жүйелерін, электр жабдықтарын пайдалану мен құрылғыларын, алғашқы өрт сөндіру құралдарын бақылауға алмақ.

Людмила ТРУШИНА, экология департаментінің бас маманы:

- 2018-2019 жыл аралығында дизельмен жұмыс істейтін 123-ке жуық автокөлік тексерілді. Оның 49-ға жуығы белгілі межеден асып кеткен. Осы ретте біз оларды әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің, 334 – ші "автокөлікті және басқа да жылжымалы құралдарды нормативтерден асыра пайдалану" бабына сәйкес жазаға тартамыз.  .Бірінші ретте 2 АЕК, егер қайталанса, онда 5 АЕК айыппұл төлейді.

Шара аясында полиция қызметкерлері жүргізушілердің еңбек және демалыс тәртібін бұзу, заңсыз көші-қон сынды өзекті сұрақтарын нысанға алмақшы.  Қазірдің өзінде қоғамдық бірлестік өкілдерінен, көліктік бақылау инспекциясы мен прокуратура мамандарынан тұратын жедел топтар құрылып, тыңғылықты жұмыс жүргізуде. Полиция қызметкерлері барлық автобус жүргізушілерін жолаушылармен сыпайы болуға, жол жүру ережелерін сақтауға және мұқият болуға шақырады.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар