КӘСІПОДАҚ - ҚОЛДАУШЫ КҮШ

17:41, 18 қазан 2019

Жер қойнауынан қара алтынды игеріп, ел индустриясына өлшеусіз үлес қосып жүрген – кеншілердің назы бар. Шахта мамандары зейнетке шығу жас мөлшерін азайтуды талап етуде. Ал, адам өмірін ажалдан арашалап, күн сайын еңбек жолында ерліктің айқын көрінісін көрсете білген абзал жандар халық тарапынан айтылатын әділетсіз сынға назды. Қарағандылық ақ халаттылар мен кеншілердің осындай шағымдары кәсіподақтар федерация төрағасы Ералы Тұғжановтың назарына ілікті

2018 жылы «Арселлор Миттал Теміртау» комбинатында 20 – дан аса оқыс жағдай тіркелсе, ағымдағы жылы кәсіпорын 14  қызметтік ақауға жол берген. Өңірдің өнеркәсіптік мекемелері апаттық жағдайдың алдын алмай, көштен кешігіп қимылдайтынға ұқсайды. Осындай пікірді аймаққа іс сапармен келген кәсіподақтар федерация төрағасы айтты.

Сондай – ақ, Ералы Тоғжанов кеншілердің еңбек жағдайымен танысу мақсатында Күзембаев атындағы шахтаға барды. Еңбек ерлерімен кездескеннен кейін, тағы бірнеше мәселенің басын ашты.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Бүгін олардың көтерген басты сұрағы – бұл зейнеткерлік жас. Мен кеншілермен толықтай келісемін. 50 жыл бойы ауыр еңбектің үлгісін көрсету әркімнің қолынан келмейді. Бұл білек күші мен маңдай терін талап ететін жұмыс.

Кеншілердің бұл ұсынысын кәсіподақтар федерациясының төрағасы жіті бақылауға алуға уәде етті. Сондай – ақ, болашақта шахтерлардың еңбекақысы да өсуі мүмкін. Аталған сұрақ әзірге қарастырылып жатыр – деді федерация басшысы.

Жауапты ұйым өкілі облыстық травматология және ортопедия орталығына да барды. Мұнда федерация басшысы ақ халаттылармен сұхбаттасып, аймақта жүзеге асып жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асу барысын анықтап білді.

Кездесу барысында абзал жандар көкейкесті мәселелерінің де шетін қайырды. Олардың айтуынша әлеуметтік желіде жауапты маман иелерін негізсіз сынның астына алатындардың қатары көп көрінеді.

Гүлнар МӘЛІК, Мақажанов атындағы клиниканың бөлім меңгерушісі:

- Бізді қорғауларыңызды сұраймын. Біз мамандыққа деген махаббатымызды жоғалтпау үшін көмектеріңіз қажет. Біз бұл жолды бекер таңдаған жоқпыз.

Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Ешкімнің жапа шегуіне жол бермейміз. Соның ішінде өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын мамандар. Сіздер Гиппократқа ант бердіңіздер. Мен дәрігерлердің басым бөлігі өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатқандарына сенімдімін.

Кездесу соңында кәсіподақ ұйымының төл мерекесі қарсаңында медицина саласының үздіктері марапатталды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар