КЕШКІ СЕРУЕН САЯБАҒЫ

16:48, 12 шілде 2019

Қарағанды қаласында тынығу саябақтарының саны көбейіп келеді. Облыс әкімінің бастамасымен былтыр 100 аула бағдарламасы арқылы шаһарда бірқатар алаңқайлар қолданысқа берліген болатын. Биыл заманауи демалыс орындарының қатары тағы 5 гүлзармен толықпақ

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Ғалымдар, қарбалас қызмет пен күйбең тіршіліктен соң кешкілік серуендеу адам ағзасының жақсаруы мен жасаруына мол септігін тигізеді деп сендіреді. Ендеше, болашақ миллион тұрғыны бар қалаға айналуды көздеген Қарағанды жері үшін адам өмір сүруі жасының деңгейін арттыру қашанда маңызды болмақ.


Былтыр толықтай жаңартылған бұл саябақ қазір халықтың кешкі бас қосатын демалыс орынына айналған. Мұндағы халықтың жүзінен тек қуанышты сәттерді аңғарасыз. Кешкі серуен дегені болмаса, жас баладан үлкен қарияға дейін спорттық жаттығулар жасауға таптырмас орын. Оған Гапеев көшесі тұрғындарының тынығу сәттері толықтай дәлел.

Гүлмира САПАРИНА, қала тұрғыны:

-таңғы алтыдан бастап осы жерге келемін. Немерелеріммен жүрмін қазір. Өте қуаныштымын, бізде осындай алаңның болғанына.

Алаңда жүрген кішкентай балғындардың да жүздері шаттыққа толы. Саябақтың ішінде футбол, баскетбол мен тенниске де арнайы орындар қарастырылған. Одан бөлек, жүгіруге арналған жолақтар да орнатылған. Жарық шамдарының өзі алаңға айрықша әр беріп тұр.

Саябақ абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған.   Демалыс алаңы отбасылық татулықпен балалардың көңілді сәттеріне толы. «Бала тілі- бал» демекші, серуен бағындағы айрықша әсерлерімен балғындардың өздері бөліссін.

«Оңтүстік-Шығыс» ықшамауданының тұрғындары үшін басты алаңға айналған саябақтан жергілікті билік өкілдерін де кездестіруге болады. Соның бірі таңсәріден алаңда жүгіруді дағдыға айналдырған Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова. Қала тұрғындарымен бірге демалыс орынында серуендеу арқылы жұртпен жақын қарым-қатынас орнатып, өткір мәселелерімен  жедел хабардар боламын дейді, - Ләззат Төкенқызы.
Ләззат АҚЫЛЖАНОВА, Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары:

-Таңсәріден саябақта жүгіремін. Кешкілік жұмыстан соң гүлзәрда тынығу мен үшін үйреншікті жайт. Тіпті, осында келу арқылы келер жылдары жөндеу кезінде, не болмаса жаңа алаң салу кезінде кейбір жайттарды ескеру керек екен ғой деп жатамын.
 

Саябақ ішінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін орындықтар мен қоқыс жәшіктері де орнатылып, төсеніш тастар төселген. Міне, бұл Қарағанды қаласындағы бір ғана демалыс орынының көрінісі. Одан бөлек, орталық саябақ пен Құрылысшылар даңғылы бойындағы алаң, өлкетану мұражайы аумағы мен «Шапағат» ықшамауданындағы жаңа саябақтар да халық тынығуы үшін таптырмас орынға айналып отыр. Биыл тағы бес гүлзар қолданысқа берлімек.


Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар