КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК

16:03, 2 желтоқсан 2020

Қарағанды облысының мектептерінде инклюзивті жаңа кабинеттер ашылады. Ол үшін білім беруді дамытудың жол картасы іске асырылуда. Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте саладағы жаңа бағыт жөнінде талқыланып, алдағы міндеттер айқындалды

Инклюзивті білім беру бойынша төрт ресурстық орталық және мектептерде арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Олардың саны өңірде әлі де арта түсетін болады. Алдағы бес жылда осындай құрылымдарды барлық білім беру ұйымдарында ашу міндеті қойылып отыр. Аппараттық кеңесте атқарылған жұмыстарды білім басқармасының басшысы баяндап берді.

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бүгінде 70 балабақша, 290 мектеп және 35 колледж инклюзивті біліммен қамтылған. "Болашақ" корпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау бойынша 4 кабинет ашылды: екеуі Қарағандыда, біреуі Жезқазғанда және Теміртауда. "Дара" КҚ қолдауымен 4 ресурстық орталық құрылды. 2025 жылға дейін барлық білім беру ұйымдарында инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарланған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тьюторлар көмектеседі. Олармен дефектолог-мұғалімдер мен логопед мамандар жұмыс істейді. Облыста психологиялық-педагогикалық түзету қызметі дамитын болады. Жыл соңына дейін Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында екі жаңа кабинет ашу жоспарлануда. Осы орайда, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мүгедек адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етудегі оң қадамдарды тізіп өтті.

Әсем ЖҮНІСПЕКОВА, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда 2246 сурдотехникалық құрал, 2719 тифлотехникалық құрал сатып алынды. Мүгедек адамдар протездік-ортопедиялық бұйымдармен, гигиена құралдарымен қамтамасыз етіледі. Желтоқсан айында 119 адамға арналған электр жетегі бар кресло-арбаларды жеткізу жоспарлануда. Шипажай-курорттық емделуге 4119 адам жолдама алып, тағы 50 адам жыл соңына дейін жолдама алады.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,  Қарағанды облысының әкімі:

-Инклюзивті білім беру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Оңалту құралдары мен қызметтерді сатып алу рәсімдерінің сапасын жақсарту және ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Барлық әкімдер жүйені реформалауға бағытталған шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

Биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдауға облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландыру да еселене түскен. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары екеніне тоқтала келе, жан-жақты жұмыстарды жетілдіре түсуді тапсырды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар