ҚАЗАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

17:51, 12 ақпан 2019

Облысымызға қарасты Шахан кентіндегі орталық қазандық пен жылу жүйесінің құрылысына 2 млрд 232,0 млн теңге керек

Бұл мәселені Сенат отырысында көтерген сенатор Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, қазандық құрылысына қаржы бөлудің өзектілігін айтқан болатын.

Орталықтандырылған қазандықтың құрылысы басталуын асыға күткен Шахан кентіндегі 117 көп қабатты тұрғын үйдегі отбасылардың бірі Венера ханымның жанұясы. Үйдің жылынуы үшін 5 қабаттан күл-қоқыс шығарып, көмір тасудан әбден қажыдық дейді. Тіпті, көрші-қолаңның жылуы аз болғаны соншалық, құбырлары қатып, бірнеше күн ауыз сусыз қалған. Жағдай тез арада реттелмесе, қыстың азабы қыспаққа әбден алып, көк түтін тыныш ұйқымыздан айырды дейді, ол.

Венера ҚОЙБАҒАРОВА,  Шахан кентінің тұрғыны:

-Алты баламен не істерімді білмеймін. 5 қабатқа әрең дегенде көмірді өзім тасимын. Мына балалар үшін де алаңдаймын. Не су жоқ, 5 күн болды. Неше жыл болды, осы жағдайдың қайталанып отырғанына, шаршадық әбден.

Шахан кентінің орталықтандырылған қазандығы істен шыққанына 20 жылдан асса да, мәселенің шешілмей тұрғанына тұрғындар тарапы наразылық білдіруде.Көп қабатты үйде жағылған пештен ішкі сатылар да көмір қалдықтарынан күс боп кеткен.  Көптің көкейін тескен бұл қиындық өзге де тұрғындардың титығына тиіп біткен.

Қарлығаш БҰҚПИНА,   Шахан кентінің тұрғыны:

-Бір пәтерде 7 адам тұрамыз. Зейнеткер болсам да 5 қабатқа көмірді өзім тасимын. Не жылу жоқ дұрыс, су болса қатып жатыр. Пешті қатты қыздырайын десен, өртеніп кетеміз бе деп қорқамыз.

Елді әуреге салып, көк түтінге тұншыққан тұрғындар мәселесіне ҚР парпламенті Сенатының Рысқали Әбдікеров бей жай қарамайтынын білдірді. Жағдайды бақылауда ұстап, барынша елдің мұң-мұқтажын шешуге тырысамыз дейді.

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Жақында ғана Шаһан кентіндегі мәселе жөнінде Премьер министр Сағынтаевтың атына депуаттық сауал жолдаған болатынмын. Бұл мәселе қаржының жоқтығынан 2013 жылдан бері шешілмей келе жатқан болатын. Жақында ғана тиісті министрліктермен сөйлестім. Жағдайды Үкіметке жеткізіп, шешеміз деп сендірді.

Бүгінде, кентте 117 көпқабатты үй кішкене пешпен жылынып отыр. Ондай пештер тұрғындар өмірі үшін аса қауіпті екенін жергілікті әкім де мойындап отыр. Әзірге 14 автономды жылыту жүйесі барын айтып ақталған Ғалым Өмірбеков Үкімет деңгейінде шешіліп жатқан қазандық құрылысының алғашқы кірпіші сәуір айында қаланады деп сендіруде. Ол үшін, алғашқы жұмыстарға облыс әкімдігі 220 миллион теңгені аударып қойған.

Ғалым ӨМІРБЕКОВ,  Шахан кентінің әкімі: 

-Бүгінгі таңда, жылу жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, конкурстық шаралар жүргізіле бастаған.  15 ақпанда конкурстық шаралар аяқталады. Бірден жұмысқа кірісеміз, тек, 2 миллиард 200 миллион теңге республикалық бюджеттен жақын күндерде беріледі.  Үш қазандық саламыз. Екі жылдық жоспарда аяқтаймыз.

Айта кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында қала халқын дүр сілкіндіріп, көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылған болатын. Үйдің бір бөлігі опырылып құлап, 9 адам қаза тауып, 2 тұрғын жарақат алғаны көптің есінде. Шенеуніктердің сөзіне сеніп, сәуір айында қазандық құрылысы басталатынын ескерсек, шахандықтар күл- қоқыссыз, жылы үйде отыру бақытына 2021 жылы қол жеткізеді деген үміт бар.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар