ҚАРМАҚШЫЛАР ҚАПЫ ҚАЛМАДЫ

16:53, 12 наурыз 2018

Балық аулау да – қысқы спорттың бір түрі

Мұның адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Қаражал қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қылыш су қоймасында әуесқой  балықшылар жарысы  өткізілді. Бұл додаға қармағын олжаға малтып үйренген жергілікті балықшылар қатысты. Айта кету керек аталған шара, өзен – көлдер де балық аулаумен мұз үстіне шығуға тиым салған уақыт қарсаңында  ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар тез мұз бұрғылап, балықтың қармаққа қабысына қарай сайысты. Осы жерде бағын сынаған әрбір үміткердің бойындағы жеңіске деген құштарлық -күннің суықтығын ұмыттырғандай.  Зейнет жасындағы Валерий Верещюктің бұл жолы да  қармағы олжалы болды. Бұл күні 50 –ден астам су қоректісін аулаған Валерий  сайыста көптің алдын орап кетті.

Валерий ВЕРЕЩЮК  әуесқой балықшы

Зейнеткерлікке шыққалы бері балық аулау күнделікті әдетім болып кетті. Бұл менің табыс табуға деген қызығушылығым емес, өзімнің қызығушылығыммен бір сәт тынығуыма көмегін тигізеді. Кейде немерелерімді де алып келіп, демалысты тиімді өткізуге тырысамыз.

Қаражал қаласы әкімдігі өткізген байқау мақсаты -  халықты сергітумен қатар, мұз астына ауа кіргізуге бағытталған.  Ол үшін сайыскерлер арнайы бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Осылайша су асты тіршілік иелеріне көмек беру,- дейді шараны ұйымдастырушылар. Қазылар алқасы әр қатысушының аулаған балығының салмағын өлшеп, ептіліктерін назарға алды. Сол арқылы жүлделі орындарды белгіледі.

Қайрат БЕЙСЕНОВ  жарыс төрешісі

Біз балықтың аулану уақыты мен салмағына қарай бағамдадық. Балықшылар жарты, бір келі балықтарды арнайы уақытта аулау керек болды. Мұз бұрғылау жарысы да болды.

Қысқы спортты дамытуға бағытталған шара жалпы, облыс бойынша мұз үстіне шығуға тыйым салынған уақыттан бірер күн бұрын өтті. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, сайысты көруге келген көрермендерге арнайы тігілген шатырларда ыстық шай мен бауырсақ тегін үлестірілді.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар