ҚАРҚЫНЫ ҚУАТТЫ ЗАУЫТ

16:23, 13 маусым 2018

Жаңаарқа ауданындағы асфальт қоспалары мен қиыршық тас шығаратын зауыттың қарқыны қуатты. Өндіріске өң берген өнеркәсіп іске қосылғалы бері өлкедегі 20-дан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Аталған «Арқа Құрылыс 2009» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тас жолдарды тақтайдай етіп тегістеуге де тынбай атсалысуда

Өскен өлкемді  өркендету перзенттік парызым деп білген  Серік Базарбеков Жаңаарқа ауданынан  асфальт қоспасы және қиыршық тас шығаратын зауыт салуды ұйғарады.Көңілі көлдей кәсіпкер өнеркәсіпті ашу үшін өзінің қалтасынан алпыс пайыз ақшасын жұмсаған. Қалған қырық пайыз қаржыны банктен алыпты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры жақында іске кіріссек те алдағы атқаратын жоспар тау –теңіз,- дейді.

Серік БАЗАРБЕКОВ, «Арқа Құрылыс 2009»  ЖШС директоры:

-Туған жеріміз де осындай кешен ашып, көтерейік, көркейтейік деген мақсатпен келіп жатырмыз және де Атасу –Жезқазған жолындағы 23 шақырым  орташа жөндеу жұмыстарын алғанбыз. Соған да осы материалдарды пайдаланудамыз.

Жобаның  жалпы құны 200 миллионнан астам теңгені құрайды. Санаулы уақыт арасында құлашын кеңге сермеген заманауи кәсіпорынға Жаңаарқа ауданының әкімі арнайы ат басын тіреді. Юржан Бекқожин  зауыттың  тынысымен танысты. Өз кезегінде өлке басшысы еңбеккерлердің тындырымды тірлігін саралап, автоматты  технологиялардың жылдамдығын жоғары бағалады.

Юржан БЕКҚОЖИН, Жаңаарқа ауданының әкімі:

-Бірнеше жұмыс орындары  ашылды.Зауыт өңіріміздегі Жезқазғаннан Қарағандыға қарай және Қаржал қаласына тас жол төсеуге септігін тигізеді. Жаңаарқа ауданынан бес-алты шақырым жерден тас алынады. Облыс әкімі Ерлан Жақанұлының тапсырмасына сәйкес  игі істер жүргізілуде.

Бизнесмен өнеркәсіптің құрал –жабдықтарын бірыңғай Қытайдан әкеліпті.Зауыттың шеф - монтаж шараларын  аспан асты елінің майталман мамандары жасаған.Бір жарым ай бойы білікті кадрлар осындағы  қызметкерлерге тың әдіс- тәсілдерді үйреткен.Алысқа сабылмай-ақ ауданның іргесінен еңбекке тартылғандардың бірі Мұстафа Асаминданов. Ауыр жүк көліктерінің тілін жетік білетін, тәжірибелі жүргізушінің айлығы қомақты, енді жұмысы тұрақты.

Мұстафа  АСАМИДАНОВ, жұмыскер:

-Жалақымыз уақытын да беріледі. Барлық жағдай жасалған.Өте ризамын.

Кешендер  сағатына 80 тонна өнім шығаруға қауқарлы.Мұнда сапалы асфальт қоспаларынан бөлек, фракциялық қиыршық тастың төрт түрі өндіріледі. Айта кетейік, бұл жерден екі қолға бір күрек тапқандардың 80 пайыз жаңаарқалықтар. Енді кәсіпорын басшылығы бетон зауытын салуды да жоспарлап отыр.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар