КАРАНТИН: ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ПІКІРІ

16:22, 3 шілде 2020

Өткен тәулікте Қарағанды облысының 77 тұрғыны COVID-19 вирусын жұқтырған. Оның 50-інде симптомдық белгілер байқалмайды. Кейінгі уақытта орын алып жатқан қолайсыз жағдайларға байланысты елімізде жаңа шектеу шаралары қабылданды. Осыған байланысты халық қалаулыларының өз айтары бар

5-ші шілдеден бастап қатаңдатылған карантин режимі қайта күшіне енеді. Екі аптаға қала аралық автобустарды тоқтатады. Шахар ішіндегі қоғамдық көліктердің де саны азайтылмақ. Адам көп шоғырланатын іс-шараларға және отбасылық той-томалақтарға рұқсат берілмейді. Гүлзарлар мен саябақтарда үш адамнан артық серуендеуге болмайды. Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Жанділ Мұхтаров  қабылданған шараларды құптайтынын айтты.

Жанділ МҰХТАРОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

-Үкімет коронавирусқа қарсы шаралар қабылдап жатса да жағдай жақсарар емес. Сондықтан, қабылданған карантин туралы шешімді дұрыс және оны орындау – бәріміздің азаматтық борышымыз деп санаймын.

Қаладағы сән салондары, спорт залдары, бассейндер, азық-түлік және басқа да тауарлар сатылатын  базарлар, мәдениет нысандары мен ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Балабақшалардағы кезекші топтардың қызметі тоқтамайды. Сондай-ақ, дәріханалар мен азық-түліктер сататын дүкендердің, аспан астындағы базарлардың тұрғындар үшін есіктері ашық болады. Бірақ, уақыттары қысқартылады. Медицина орталықтарына тек алдын-ала жазылу арқылы қаралады. Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Түсіпов шектеу шаралары ел қауіпсіздігі үшін қажет-дейді.

Марат ТҮСІПОВ, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

-Біз күнде әлеуметтік желіде отырамыз. Сол парақшаларден тек «Иманды болсын», немесе «сауығып кет» деген сөздерді жиі оқимыз. Жаман хабарды күнде естійтін болдық. Әрине, карантин қатаңдатылса мен қолдаймын. Бірақ, кәсіпкерлерді ұмытпау керек.

Бүгінгі таңда біздің аймақта 5013 адам індетке шалдыққан. Алдағы қатаңдатылған карантин режимі – ушыққан жағдайды жақсарту үшін қабылданып отырғаны анық.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар