ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БІР КҮНІ

16:29, 16 тамыз 2019

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында ерекше көрме көрермендерге жол тартты. Қаланың күйбең тіршілігін обьектив нысанына алған фотографтар көрмені «Қарағанды өмірінен бір күн» деп атаған. Қала қонақтары мен тұрғындарының қызығушылығын тудырған шара тамыз айының 18 – не дейін жалғасады

Ерекше және танымды сипатқа ие мұндай көрменің идея авторы Болат Аймағамбетов.Талантты фотограф төл және әріптестерінің туындыларын Қарағандының 85 жылдығына арнап отыр. Кеншілер ордасының әр қиыры көзге оттай басылатын көрмеде таныс жерлерді көру ерекше сезім ұялатады. Авторлар жерлестеріне қаланың өзге қырын көрсетуге тырысқандай. Сондай – ақ, суреттерде маңызды деген барлық саланың да қамтылғанын аңғаруға болады. Медицина, білім беру, спорт, дін салаларымен қатар, тіпті жолдарды да фотолардан көруге болады.

Назерке ЖАРТЫН, облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері:

-Тіпті, қарапайым көшедегі ойнап, алаңсыз жүрген балаларды да түсіріп, 85 кадрды біздің музейдің қабырғасына іліп, көрме жасап отыр. Бұл көрменің ерекшелігі біз оны тағы бір аптаға создық. Себебі, бұл өте көп сұранысқа ие көрмелердің қатарында.

Көрменің басты ерекшелігі – барлық суреттер бір күн ішінде жасалынған. Жеті бірдей фотограф бір мезетте қала аулаларына шығып, қайнаған өмірдің көріністерін суретке түсіре бастаған. Көрме тан – тамашасына бөленген Серік Оразғұлов бәрінен де мәре сызығына жеткен спортшы қыздың фотосы қатты ұнағанын айтты.

Серік ОРАЗҒҰЛОВ, тұрғын:

-Бұрындары жеңіл атлетикамен айналысқан болатынмын. Маған стадионда жасалған жұмыс қатты ұнады. Онда қыз бала бар күшін сарп етіп, шаршағандықтан жерде жатқаны бейнеленген.Мәре сызығын аттап барып жерге құлағанға ұқсайды. Бұл сурет өте шынайы. Сондай – ақ, маған өте жақын, өйткені мен спорттың не екені өз басымнан өткен.

Фотожоба «Рухани Жаңғыру» және «Біз – Қарағандылықтармыз» бағдарламаларының аясында ұйымдастырылып отыр. Тарих беттеріне көз салар болсақ, мұндай сипаттағы шара алғаш рет сонау 1925 жылдары өткен көрінеді. Бастаманы Максим Горькийдің өзі қолына алып, сол заманның тың жобасын «Әлем күні» деп атаған. Негізгі идеясы – әлемнің түкпір – түкпірінен келген газеттерді жинақтап, ең қызықты деген мақалаларды қиып алып, көпшілік назарына ұсыну. Осылайша адамдар әлемде не болып жатқанынан хабардар болуға мүмкіндік алды. Жаңа заманның ұқсас жобасын Қарағандылықтар тамыз айының 18  - не дейін тамашалай алады.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар