ҚАРАҒАНДЫ ТЕАТРЫ ЕЛОРДАДА

13:40, 14 тамыз 2019

Қарағандылық музыкалық академиялық комедия театры 17 тамыз күні елордаға гастрольдік сапармен аттанбақ. Киелі сахна майталмандары әйгілі «Астана Опера» театрының төрінде көрермендермен қауышатын болады. Театр сүйер қауымды алда қандай рухани тосын – сый күтіп тұр?

Бір күн ішінде аласұрған мың түрлі көңіл – күй. Кейде қуаныштан басы айналып, бақыт құшағына енсе, кейде қайғыдан қан жұтып, мұң тұңғиығына саяхаттайды. Сезімдер ұштастығын көрерменге жеткізу - оның басты міндеті. Актриса  Марияның бұл алғашқы маңызды рөлі. Жас та болса талабы мол талант иесі «Алқызыл желкендер» қойылымында 12 жасар Ассольді сомдайды. «Астана Опера» театрының төрінде алғаш рет өнер көрсетпек. Маңызды рөлді жан – тәніммен сезіну оңай болды – дейді. 

Мария БАРИКОВА, актриса:

-Жалпы, қойылым өмірден алынған. Бұл жерде мен өз кейіпкерімді ашу керек болдым. Осы бір қаладағы жалғыз мейірімді, жүрегі ақ жан екенін жеткізу міндеті тұрды. Менің бөлімімде ол сиқыршымен кездеседі. Сол кезде сиқыршы қыз жүрегіне үміт сыйлап, оның ханзадасы келетінін айтады. Жылдар бойы күтіп, ең соңында махаббатына қосылады.

46 жылдық тарихы бар өнер ордасы еліміздің және әлемнің 220 қаласында гастрольдік сапармен болып қайтқан. Оперетта театры сахнасында 150 ден аса әртіс өнер көрсетеді. Бүгінде ұжым елорда сапарына тыңғылықты дайындық үстінде. Александр Гриннің «Алқызыл желкендер» көркем шығармасын сахналау үшін шетелдік мамандар да тартылған.

Амантай ИБРАЕВ, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жетекшісі:

-Бұл қойылым Астанада 17 күні көпшілікке жол тартады. Оны «Золотая маска» жүлдесінің иегері, әлемге әйгілі режиссер Сусана Церу жасап шықты. Жақында ғана келді, қазір қойылымды шыңдау үстінде. Сондай – ақ сырт жақтан суретші – сахналаушы маманды алдырттық. Қазір ол жарықпен жұмыс жасап жатыр. Қызу дайындық үстіндеміз. Қарағандының атын абыроймен биікке көтереміз деген үміттемін.

Сондай – ақ, елордалық көрерменнің тарихы тереңде жатқан театр ұжымының орындауында Имре Кальманның «Баядере» опереттасын тамашалауға мүмкіндігі бар. Әлемдік классика қатарын толтырған шығарма 24 маусым күні астаналық өнер жанашырларының көзайымына айналмақ.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар