«ҚАРАҒАНДЫ – БАЛХАШ» ЖОЛЫ

16:41, 11 шілде 2019

Қарағанды – Балхаш тас жолының құрылыс барысын арнайы комиссия өз бақылауына алатын болады. Маңызды нысанды тексеріп қайтқан облыс әкімі Ерлан Қошанов осындай тапсырма берді

Жол жөндеу жұмыстарын жіті бақылауды облыс басшысының орынбасары өз қолына алмақ. Серік Шайдаров бастаған штаб құрамына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің жетекшілері енеді. Сондай -ақ, аталмыш тізімде өнеркәсіп пен индустриалды-инновациялық даму, жер қатынастары басқармаларының жетекшілері, Бұқар жырау, Жаңаарқа және Шет аудандарының, Балқаш және Қарағанды қалаларының басшылары да бар.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Штабты бес күн ішінде құрыңыздар. Жолдың реконструкциясы жөнінде жиналыс өткіземіз. Сол кезде жасаған жұмыстарыңызға есеп бересіздер. Штаб құрамына мердігерлерді де алыңдар, тиімді жұмыс үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс. Штаб жұмысына кіріскеннен кейін маған айына бір рет есеп беріп отыратын болады.

Балхаш пен Қарағандыны жалғаған күре жолдарды жөндеу жұмыстары аясында мамандар тапшылығы да жоқ емес. Сондықтан, облыс басшысы Балқаш, Қарағанды және Шет аудандарында мобильді кеңселерді ашуды тапсырды. Арнайы орындарда Халықты жұмыспен қамту орталықтарының мамандары және мердігер компаниялардың кадр қызметкерлері екі қолға бір күрек іздеген жандарды қабылдайтын болады. Соның ішінде, жол жұмысшылары, инженер және механизатор мамандарға сұраныс жоғары.

Әскербек ХАЛТОНОВ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Мобильді кеңселер де, штаб та күнделікті жұмыс жасайтын болады. Біз жұмыс барысының сапасын бақылап, кадр тапшылығы сынды мәселелердің шешімін табатын боламыз. Қазіргі таңда нысандар бойынша 860 адам қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан, мерзімнен кешігіп жатырмыз.

Мердігер облыс әкіміне тамыздың басында құрылыс мерзімін жақындатуға уәде берді. Сондай – ақ, жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері жұмысшылардың қызығушылығын арттыру мақсатында жалақыны өсіруге дайын екендерін айтады. Қазіргі таңда «Ситик КО ЛТД» компаниясы қызметкерлерді үш мезгілді тамақтанумен және әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерімен қамтамасыз етуде.

Халықаралық стандарттарға сай болатын жол төрт жолақты болып кеңейтіледі. Арнайы қоршаулармен бөлініп, жоғарғы қабаты қиыршық тас пен мастикалық асфальт бетонымен жабылады. Жол учаскесінде 20 көпір орнатылып, мал мен суқұбарларға арналған 315 орын бөлінеді. Жоба бойынша төрт мердігер компания жұмыс істеп жатыр.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
16:33, 18 қазан 2019
РУХАНИ КЕЛІСІМ-ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар