ҚАРАБҰЛАҚТАҒЫ МЕРЕКЕ

16:27, 5 тамыз 2019

Шет ауданының Ақжол кентіне қарасты Қарабұлақ елді мекенінде ауыл күні аталып өтілді. Мерекелік шара, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы және «Жастар жылы» аясында қолға алынған. Алтын бесік ауылда ақ шағаладай ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, той көрігі қыза түсті

Қойлы ауыл, тойлы ауылға айналды. 70 жылға жуық тарихы бар алтын бесік ауылдың оты маздап, түтіні түзу шығуда. Меймандос қауым да мереке құшағына бөленген. Алдымен жиналған қауым, әкімі бастап, ұйымшыл халқы қостап, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Ілкімді де игілікті мерейтой шарасы ауыл жастарының ұйымдастыруымен салынған «Балалар ойын алаңқайының» тұсауын кесіп, лентасын қиюмен жалғасты.   

Одан әрі қадірлі меймандар мен ауыл тұрғындары  сазды сахна маңына жиналды. Тойшыл қауымды  аудан әкімі құттықтады.

Марат ЖАНДӘУЛЕТОВ, Шет ауданының әкімі:

-Құрметті жерлестер! Қадірлі қауым мерейтойларыңыз құтты болсын. Бүгінгі ауыл күні ауылда айтатарлықтай жұмыстар атқарылды. Осының бәрі ауыл жастарының ерең еңбегі. Сондықтан сіздерді осыңау ауыл күні мерекесі мен шын жүректен құттықтаймын.

Қарбаұлақ елді-мекенінің қарыштап дамуына өз үлесін қосқан белсенді азаматтарға  аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» , «Алғыс хаттары» табысталды. Арнау айтылып, ән мен жырдан шашу шашылды.

«Ұлтарақтай болса да, Ата қоныс жер қымбат, Ат төбеліндей болса да туып өскен ел қымбат» -демекші ауылдың абыз ақсақалдары мен көнекөз қарияларын әңгімеге тарттық.

Серік ҚАМБАРҰЛЫ, Ақсақалдар алқасының төрағасы:

-Ауыл жастарына ризамыз. «Туған жерге туынды тік» деген қағиданы олар берік ұстанып, отыр. Ауылдың гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Той құтты болсын!

Қарашаш ӘБЖАНОВА, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

-Барша халқымды ауылдастарымды құттықтаймын. Ауылымыз гүлдей берсін. Ел іргесі аман болсын.

Қазір ауыл тұрғандарының саны азайғаны мен шаруасы ортаймаған. Халық бірлігі мен ел тірлігінің және жастар ұйымшылдығының арқасында  ауыл ажарлана түскен. Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің қолқабысы айтарлықтай.

Мейрам СӘДУАҚАСОВ, «Шет шұғыласы» газетінің бас редакторы:

-Ауыл күні мерекесіне келіп,ауылдың саф ауасын жұтып, елмен қауыштық. Мерейтой да өз дәрежесінде өтіп, жатыр. Ауыл тұрғындарына әсіресе, жастарға рахмет.

Түс ауа той шарасы спорттық ойындармен яғни қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру мен жалғасты. Кешкісін  қазақтың аламан бәйгесі басталды. Оған 21 сәйгүлік қатысты. Алматылық Рамазан Аманжоловтың  «Жұлдыз» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші кесіп,1миллион теңге қомақты қаржыға ие болды.

Аманжол РАМАЗАНОВ, шабандоз /Алматы облысы/:

-Мен қуаныштымын. 10 жасымнан бастап бәйгеге қатысып жүрмін. 4 машина ұттым. Бұл жолы да «Жұлдыз» атты сәйгүлігім бәйгіден көрінді. Қуаныштымын.

«Қарабұлақпен қауышу» атты  ауыл мерекесі түн ортасына дейін жалғасып,соңы отшашумен аяқталды.  

Сейітқали ӘШІМ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар