ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЙЫРЛЫ ІС

15:28, 8 ақпан 2019

Қарағанды облыстық орталық мешіт имамдары мен мәрт меценаттар және жамағат тарапынан қайырлы істер әліде жалғасын табуда.Жыл басталғалы бері олар отызға жуық сауапты шараны ұйымдастырды. Аз қамтылған отбасылары мен жалғыз басты аналарға тегін азық түліктер мен көмір таратқан.

Оксана Волховская екі баланы бір өзі асырап отырған жалғыз басты ана. Нәзікжанның алатын отыз мың тенге айлығы күнделікті нан-пұлынан артылмайды.Бірақ  жас келіншектің болашаққа деген көңіліндегі күдігін жомарт жандар мен  имамдар сейілтіп,сеніміне медеу ұялатты.Тіпті оның электр энергиясына бес жылғы берешегінде кең пейіл азаматтар төлеуге көмектескен.Жәутеңдеген жесір ананың балғындары сақылдаған сары аязда  дірдек қағып, тоңбасын деп  жамағат қиыршық көмірді де көк тиынсыз  түсіріп беріпті.

Оксана ВОЛХОВСКАЯ, жалғыз басты ана:

-Мешіт қызметкерлері қарайласып,қолғабыс етеді.Аналық жүрегіммен алғыс білдіремін.Балаларымда мәз-мейрам.Қысқы отын қорыда мол. Ақпанның ақырған аязында үйіміз сүрең тартпай, қайта   өн бойымыз қыз қыз қайнап, пешіміздің құдығы қол тигізбей  тұр. 

Жыл басынан бері мейірімді меценаттар отызға жуық игілікті іс тындырған. Ал аз қамтылған отбасылары мен жетім-жесірге  қолдау көрсету үшін Шығыс базарының екінші қабатында «Хадия» атты қайырымдылық дүкені жұмыс істейді. Яғни қол ұшын созуға ниетті  кез-келген адам киім-кешектерін осында  әкеп тапсыруына әбден болады.Мұнда мұқтаж жандар қала аудандардан ағылып келетін көрінеді.

Марат ТҮСІПОВ, қоғам белсендісі:

-Облыс имамдары кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және аймақ билігінің көмегі бар. Бұл жерде біз алтын көпір тәріздіміз. Екі ортаны жалғап тұратын. Таңертеңгі  сағат  оннан   кешкі беске дейін ашық.

Бақытгүл Башееваның да  шиеттей төрт баланы асыру міндеті мойнында.Ол бірнеше жыл бойы пәтер жалдап тұрады.Қарағанды қаласының тұрғыны атымтай азаматтардың зор қолдауын көріп, жан жылуын сезініп жүр.Жалғыз басты ана  дүкеннен  шыттай болып киінді.Әрі тегін азық түлікке кенелді.

Бақытгүл БАШЕЕВА,  көп балалы ана:

-Халық пен имамдарға дән ризамын.Азық түлік және киім алдым.Ай сайын ақшалай көмектесіп тұрады.

Мешіт ұжымы мен кәсіпкерлер және «Зекет» қоры тарапынан сауапты  шараларының саны есепсіз.Бір ғана мысал қаңтар мен ақпан айларында  200 отбасына азық түлік себеттері және 300 жанұяға киім-кешектер үлестіріліпті. Түптеп түсінге жақсылық жасау- баршаның ортақ міндеті. Адамзттың асыл тәжі атанған пайғамбардың сүннетті еккенін айтады Қарағанды облысының өкіл имамы.

Өмірзақ БЕКҚОЖА, Қарағанды облысының өкіл имамы:

-Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы өкілдігі және Зекет қоры үлкен ықыласпен  қайырымдылық істер жасады.  Атап айтсақ 200 тонна көмір тегін берілді. Қасиетті ислам дінінің негізгі құндылықтарының бірі мейірімділік жасау.Рақымдылық ету.

Әлі де  қайырлы істер имамдар мен кәсіпкерлердің  ұйытқы болуымен үздіксіз жалғаса бермек.Қысқасы біреуге жәрдемскеннен несібеміз кеміп, қос қолымыз семіп қалмайды дейді жомарт жандар.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар