ИННОВАЦИЯ ЖӘРМЕҢКЕСІ

18:28, 6 желтоқсан 2019

Саран қаласында әлеуметтік – педагогикалық инновациялар жәрмеңкесі өтті. Айтулы шараға облыстың түкпір – түкпірінен келген білім саласының қызметкерлері қатысты. Толығырақ тілшіміз айтып берсін

Ұлағатты ұстаздар қауымы осымен үшінші жыл қатарынан инновация жәрмеңкесіне қатысуда. Шара Саран гуманитарлық – техникалық колледжінің қабырғасында ұйымдастырылды. Басты мақсат – білім беру саласының өкілдеріне өзара пікір алмасуға жағдай жасау. Сондай – ақ, мұнда мұғалімдер өздерінің өзекті мәселелерін көтеріп, тың идеялармен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Дәстүрге айналған бас қосу педагогтар тәжірибесін арттыратын бірегей алаңға да айналып үлгерген.

Надежда ШАПОВАЛОВА, СГТК директорының орныбасары:

- Жәрмеңкеде біз балабақшалардан, мектептер мен колледждерден бастап білім берудің барлық деңгейлерінің үздіксіздігі мен сабақтастығын көре аламыз. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Бүгінде бұл жәрмеңкеге облысымыздың екі жүзден астам педагогтары қатысуда.

Облыстық жәрмеңкеде жаңа оқу – әдістемелік жинақ жарық көрді. Оқулық авторы - Ақерке Қоранова. Ол бұл еңбегінде мәдени ұйымдастырушы қосымша мамандығының қыр – сырымен бөліскен. Педагогика және психолгияны жетік меңгерген ұстаз жинақтың маңыздылығын айтты.   

Ақерке ҚОРАНОВА, СГТК  психология пәнінің мұғалімі:

-Бұл жинақта бастауыш білім беру мамандығының студенттері меңгеруге тиіс мәдени ұйымдастыру қосымша пәні туралы айтылған. Онда болашақ мамандарға қажетті барлық ақпараттар бар. Болашақта, облысымыздың өзге оқу орындарында да осы оқу – әдістемелік құралды пайдаланады деген үмітіміз зор.

Шараның басты артықшылығы – ұстаздар қауымы өз жұмыстарына баға бере алады. Сондай – ақ, мұның қоғам алдында мұғалімдердің мәртебесін көтеруге тигізер ықпалы  мол. Жәрмеңке қорытындысында үздік деп танылған еңбек авторлары дипломмен марапатталды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар