ИЕСІЗ ЖАНУАРЛАР МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

17:13, 14 қазан 2020

Жыл сайын қаңғыбас ит-мысықтардың кесірінен шамамен 1000-нан аса адам зардап шегеді екен. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мұндай жануарларды заң негізінде жою қажет деп санайды. Осы мәселелердің барлығын бірлескен отырыста Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары қарады

Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ,  Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы:

- 2019 жылы қаңғыбас ит пен мысықтардан 1291 адам, оның ішінде 168 бала зардап шекті. Бұған жай қарауға болмайды. Мәселені шешу керек.

Бұл өткен жылғы деректер. Ал, 2020 жылдың 9 айында жануарлардан  1040 адам зардап шекті. Оның 112-сі балалар. Өткен жылмен салыстырғанда біраз азайған. Дегенмен мамандар бұл мәселені түбегейлі шешу керек дейді.

Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ, ветеринария басқармасының басшысы:

- Ағымдағы жылдың 9 айында қала бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға жеке және заңды тұлғалардан 406 өтінім келіп түсті. Олар арнайы журналға тіркеледі. Осы күнге дейін 1222 ит пен 224 мысықтың көзі жойылды.

Айта кетейік, Қарағандыда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға 7 миллион теңге бөлінген. Ал, облыс бойынша бұл мақсатта 69 миллион теңге қарастырылған.

Сайран СЫЗДЫҚОВА, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:

- Бөлінген қаражат бұл ит-мысықтарды тек аулау және жою үшін алынады.

Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ,  ветеринария басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет коммуналдық кәсіпорыны ит-мысықтарды емдеумен айналыспайды. Бұл мақсаттарға қаражат бөлінген жоқ. Мал қорымы жағдайында тек аулау, одан әрі жансыздандыру, одан әрі өртеуге ғана ақша бөлінді. Бізде бұл қаражат тек осы мақсаттарға ғана қарастырылған.

Отырысқа үкіметтік емес сектор өкілдері де шақырылды. Олар  қаңғыбас ит-мысықтар туралы кейбір мәліметтерді құптамады.

Наталья УГОЛЬКОВА,  қайырымдылық қор жетекшісі:

- Вакцинацияланбаған жануарлардың иелерінен, олар жарақат орталығына келгенде немесе баласын әкелгенде, олардан: "кім тістеді? деп сұраймыз. Олар ит екенін айтады. Мысалы, ол ит-мысықтардың ешқайсысына вакцина салынбаған. Сондықтан оларды заңды түрде өлтіру керек.

Жиналғандар  иттер мен олардың иелеріне бірыңғай мәліметтер базасы қажет деген пікірге келді. Кеңейтілген отырыста иттерді серуендетуге және жаттықтыруға қосымша алаңдар бөлу туралы мәселелер қаралды. Бұл жұмысты үкіметтік емес ұйымдар арқылы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асыру ұсынылды. Халық қалаулылары барлық ұсыныстарын Қарағанды әкімінің қарауына жібереді.

Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар