ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЖЕТІ ҮШІН

15:48, 26 наурыз 2020

Төтенше жағдай режимі кезеңінде қолда бар жұмыс орындарын сақтай отыра, мүмкін болып жатса жаңадан ашуға тырысу керек. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек фармацевтикалық, өндірістік кәсіпорындарды аралау барысында осындай міндет жүктеді

Қарағанды фармацевтикалық зауыттары өндіріс көлемін ұлғайтуда. Мұнда фитопрепараттарды, өсімдік заттары негізінде дезинфекциялаушы және бактерияға қарсы құралдарды шығару көлемін өсіруде. Өндірісті кеңейтуге 100 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі  Жеңіс Қасымбек біртұтас технологиялық циклы бар кәсіпорындағы жаңа бастамалармен танысты.

Серғазы ӘДЕКЕНОВ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ-ның бас директоры:

-   Қазақстанда 16 негізгі фармацевтикалық зауыт бар, олардың 95%-ы тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейді. Ал біз дәрілік шикізаттан дайын препараттарға дейін барлығын өзіміз өндіреміз. Барлығы 72 атау бар. Сондай-ақ жаңа препараттар - иммуномодуляторлар әзірледі.

Жеңіс Қасымбек ірі ұн зауытының жұмысымен де танысты. «Сұңқар и К» астық компаниясы» ЖШС күніне 140 тонна жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн өндіреді.

Марат АЙСИН, кәсіпорын директоры:

-  Ұн өндіру үшін Нұра, Осакаров аудандарынан және Ақмола облысынан астық аламыз. Ұнды көтерме және бөлшек сауда желісінде ғана емес, тұрақтандыру қорына да жеткіземіз.

«Имсталькон» және «KAZ BUILD COMPANY» ЖШС – өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатарында. Мысалға,  «Имсталькон» ай сайын 2500-3000 тонна металл құрылымдарын шығарады. Зауыттағы жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр.

KAZ BUILD COMPANY өнімдері бүкіл Қазақстан бойынша сұранысқа ие. Қарағанды қаласының көптеген ірі сауда және өндірістік объектілерін салу кезінде осы кәсіпорынның металл құрылымдары қолданылды. Биыл зауытта сэндвич-панельдер шығарылмақ. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барынша қалыпты режимде ұстай отырып, жұмыс күші мен қуаттылығын арттыра түсуді көздеуді міндеттеді.   

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар