ХАЛЫҚҚА ТИІМДІ ЖОБА

13:15, 9 қыркүйек 2019

1 қыркүйектен бастап облыста міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қарағандылықтар пилоттық жобаға дайын. Саладағы жаңа бағыт қалай жүзеге асып жатқанын көру үшін аймаққа Денсаулық сақтау вице – министрі Ләззат Ақтаева арнайы келген. Іс - сапар барысында ол №4 емхана мен Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының жұмысымен танысты

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасы өңірде 1 қыркүйектен бастау алды. Тест режимінде іске асып, аймақ бойынша жобалық кеңселер құрылған. Жаһандық тәжірибе облыстағы барлық мемлекеттік мекеме өкілдерінің басын біріктірді.

Ләззат АҚТАЕВА, ҚР денсаулық сақтау вице – министрі:

- Неге Қарағанды облысына таңдау жасалды? Өйткені аталмыш аймақ өзінің цифрландырылуымен ерекшеленеді, сондай – ақ, өңір дәрігерлерінің де цифрлы сауаттылығы жоғары. Сондықтан осындай таңдау жасалды. Оған қоса жергілікті басқару органдары, әкімшілік те бізді құптап, қолдау көрсетті.

Пилоттық жобаны өткізу үлкен маңызға ие.  Осылайша денсаулық сақтау жүйесін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауқымды өзгерістер енгізуге дайындайды. Сол себепті қазіргі таңда туындаған мәселелерді анықтап, дер кезінде шешімін табуды қолға алу керек – дейді бас дәрігер орынбсары.

Ләззат АҚТАЕВА, ҚР денсаулық сақтау вице – министрі:

- Жалпы, жұмыс жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бүгінде Қарағанды облысы халқының тек екі пайызы ғана өзекті мәртебеге ие емес. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда өте аз көрсеткіш. Атап өтерлігі, өзің – өзі жұмыспен қамтығандар арасында белсенділікті аңғарып отырмыз. Еліміздің өзге өңірлеріне де осы тәжірибені жеткізу керек.

Аймақтағы бірнеше медициналық орынның тынысымен танысу барысында вице - министр№ 4 емханада да болды. Мекеме қызметкерлерімен тілдесу барысында, олқылықтар анықталды. Мұндағы мамандар қос құжат айналымын жүргізетін көрінеді. Осылайша, оларға уақыт пен адам ресурсын тиімсіз пайдалану жөнінде ескерту жасалды.

Ал, № 4  емхана директорының пайымдауынша, медициналық сақтандыру емделушілердің шығынын анағұрлым азайтпақ.  

Салтанат ШАЙДАРОВА, №4 емхананың директоры:

- Егер бұрын оңалту үшін емделушілер төлесе, қазір барлық көмек тегін көрсетіледі. Инфаркт, инсультен кейін бізде оңалту орталығы ашылды. Жарақат немесе басқа да ауруларға шалдыққан  пациентерді ақылы негізде уқалау және физиотерапияға жібереміз. Жаңа жылдан бастап медициналық тексеру тегін болады. Бұл біздің емделушілеріміздің шығындарын азайтады.

Екінші нысан Мақажанов атындағы облыстық ортопедия және травматология орталығы болды. Бұл жерде бір апта ішінде медициналық сақтандыру Қоры төлейтін 60 жоспарлы операция жасалған. Өңірге пилоттық жобаны енгізу үшін екі миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар