ЕСКЕРТКІШ – ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ

15:54, 11 қыркүйек 2020

Жаңаарқа ауданының орталығы тағы бір сәні келіскен сәулетті мүсінмен толықты.Киелі өңірде әйгілі әнші,жауырыны жер иіскемеген Балуан Шолақтың сүйікті ғашығы Ғалия Тілеуқызына еңселі ескерткіш орнатылды.Ұрпақ пен ұлтқа рух беретін игі бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.Салтанатты шараға жергілікті билік пен өнегелі жанның туыстары жиналды.

Өмірлік өлшемдері қазақ қыздарының үлгісіне айналған, өн бойына асыл қасиеттер  қонақтаған Ғалия Тілеуқызы Жаңаарқа ауданының тумасы.Ол телегей текті Қалыбек руынан тарайды.Өнегелі жан  өз заманында сөзге шешен, оң қолынан өнер төгілген шебер болған.Ғалияның әкесі Тілеу елге сыйлы, дәулетті адам болған көрінеді.Ал Жаңаарқа ауданынан еңселі ескерткіш орнату туралы ұтымды ұсынысты жергілікті билікке Ғалияның інісі Мұқатайқажы Төлеутай жасаған.Абыз кеуделі ақсақал мүсінге өз есебінен 1 миллион теңге берген.Қалған қаражатты  туыстары бірігіп жинапты. Руханият  жанашыры Ғалым Төтеевте игілікті іске ұйытқы болып жүрген бірден-бір азамат.Еңбек ардагері мұндай бастамалар ұрпақтың санасына теңдессіз тағылым сыйлайтынын айтады.

Ғалым ТӨТЕЕВ, еңбек ардагері:

-Балуан Шолақтың ән шығару құдыреттілігіне әсер еткен анамыздың бұл  ерекше қасиеті деп білемін. Өте биязы, мәдениетті қылықты адам болған. Аудан әкімі қолдау көрсетті.Соның қолдауының арқасында жігіттер ұйымдастырды.Сананы жаңғырту - жастарға үлкен үлгі-өнеге болады.

Алыстан мен  мұндалап көз тартатын ескерткіштің биіктігі екі метр. Монумент таза темір бетоннан құйылған.Мүсіннің жанында  ғашықтық символы ретінде екі аққу бейнеленген.Ал ағаш діңгегі бабадан  саф алтындай салт-дәстүріміздің беріктігін білдірсе керек.Танымға толы туындының авторы Қуантай Төлеутайұлы.Салтанатты шарада сөз сөйлеген Жаңаарқа ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев  жалпақ жұртты қуанышқа толы сәтпен құттықтады.

Қанат ҚОЖЫҚАЕВ, Жаңаарқа ауданы әкімінің м.а.:

-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  өзінің Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру атты мақаласында әрбір өлкенің есімдері ел құлағына сіңген біртуар перзенттері бар.Осындай перзенттерді жас ұрпақ біліп өсуі тиіс деп айтқан болатын. Кезінде бірінші болып әйелдердің ішінде соттың жеңіп шыққан апамыз. Інілеріне мен ұрпақтарына алғысымыз шексіз.

Тағдыр қос ғашықтың арасын қалай шешсе де, тарихта Шолақ пен Ғалияның аты қоса аталып, ажырмас ұғымға айналғаны айқын ақиқат.Алайда екеуі бірін-бірі қатты ұнатқанымен Біржаннан алып қойған қалың малы  олардың қосылуына кедергі келтіреді.Сегіз қырлы бір серінің Ғалияға шексіз, шетсіз ғашық болғаны соншалық алты жеті  ән арнаған -дейді, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы:

-Бұл жөнінде біз ғана айтпаймыз, сонау Затаевич өз  заманында  Ғалия әні менің коллекциямның ең көркем зор әндердің бірі деп айтқан. Ахмет Жұбанов пен Сәбит Мұқанов бұл әнге үлкен жоғары баға берген.Ерзаковичтер бізге нотаға түсіріп,таңбалап кетті. Ғалияның 20 жасында 1894 түсірілген фотосын біздің зерттеушілер тапты.

Рухани шараның көркін дәстүрлі әншілер қыздыра түсті.Дәстүрлі әннің дүлдүлдері шырқаған әуезді әндер жиналған қауымның көңілін серпілтті.Жайсаң болмысты Жаңаарқалықтардың бойындағы бебеулеген бұла рухын асқақтатты.Енді ескерткіш жас жұбайлардың гүл шоқтарын қойып, асыға баратын  орнына айналатыны анық.Айта кетейік бұдан бөлек Жаңаарқа ауданы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 12 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар