ӘСЕТТІҢ ДОМБЫРАСЫ ТАБЫЛДЫ

12:38, 26 наурыз 2020

Алаштың ақыны, ән падишасы Әсет Найманбайұлының қара домбырасы табылды. Атадан балаға мирас болып келген құнды жәдігер қазір Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын Шалғынбай Қашқынбаевтың шаңырағында тұр. Шамамен 100 жыл бұрын жасалған музыкалық аспап ақсақалдың қолына қалай түсті?

Шалғынбай Қашқынбаевтың айтуынша, бұл қалақ домбыраны әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсеттің өзі тарту еткен. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары бір топ адам Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатып, бұлақ басына аялдайды. Осы кезде демалып отырған Әсет көпшіліктен «араларыңда ән салатын кім бар», - деп сұрайды. Жұрт қолқалап қоймаған соң, Сатыбалды Күлімбаев ән шырқаған. Оның дауысына риза болған Әсет домбырасын сыйлап кетіпті. Кейін құнды жәдігер атадан балаға мирас болып қалады.

Шалғынбай ҚАШҚЫНБАЕВ, Балқаш қаласының тұрғыны:

-Ешкінің шегінен жасалған. Ол көп тұра берген соң шыдамай, қиылып қалған. Беті арша болған. Ол кішкене шіріңкіреп, түскені түсіп, үгілгені үгіліп қалады. Содан кейін мен мынаны қазіргі өзіміз тартып жүрген домбыраның шегін тағып, келтірдім. Бет тақтайын жұқа пластмассадан салдым, дауысы шығу үшін.

Көне домбыраның Шалғынбай ақсақалдың шаңырағында тұрғанына 50 жылға жуықтапты. Ал жергілікті музей қызметкерлері бұл жаңалықтан бейхабар болып шықты. Негізі құнды жәдігердің музей төріне қойылғаны дұрыс, - деп санайды олар. Қазір облыстағы ең ірі екінші музей қорында 48 мың жәдігер бар. Мұнда ұлттық аспаптарға арналған арнайы бұрыш ашылған.

Дәулет ҚОЖАҚОВ, Балқаш тарихи - өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері:

-Әсеттің мұрасы, жалпы қазақтың мұрасы ғой. Ол қазақтың мәдени-тарихи игілігіне айналу керек. Сондықтан мен ойлаймын, ол кісімен сөйлесетін болса, ол кісі осы оймен келісіп, мүмкін тапсыратын шығар. Тапсыру керек деп ойлаймын. Мысалы, Астанадағы музейге, әйтпесе облыстағы музейге тапсырса, Әсет атамыздың мұрасымен танысуға басқа да көптеген адамдар мүмкіндік алушы еді.

Қалақ домбыра балқарағайдан тұтас шабылып жасалған. Бүйірінде өшуге айналған көмескі жазу бар. Ол араб әліпбиінен аударғанда Әсет деген жазу екен. Соның өзі- аспаптың әншіге тиісілі екенін айғақтай түседі. Дегенмен, бұл деректі әлі де зерттеу керек, - дейді музей қызметкерлері.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар