ЕҢБЕК. КІРІС. НӘТИЖЕ

18:03, 13 қаңтар 2020

Қарағанды облысының кіріс бөлігі оң динамикаға ие болып, өсім байқалған. Тұрақтандыру қорынан көкөністер мен азық-түлік төмен бағамен сатылмақ. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеуге көмектеседі

2019 жыл  бойынша облыс бюджетінің кіріс бөлігі 167,4 млрд.теңгені құрап отыр. Толық пайдаланылмаған қаражаттың жалпы сомасынан үнем 2,1 млрд. теңгеге жуықтаған. Инвестиция көлемі 800 миллиард теңгеден асып жығылады. Экономиканың өсуі нақты сектордың барлық базалық салаларында қамтамасыз етілген: Өнеркәсіпте – 3,2% – ға, ауыл шаруашылығында – 2,3% - ға, құрылыста-94,3%.  Сауда көлемі  мен көлік қызметінде де өсім бар. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі екі есеге дейін артқан.

Азамат МҰҚАНОВ,  облыстық экономика басқармасының басшысы:

- Бір жыл ішінде құрылыс жұмысы 1,9 есеге өсім байқатты. Ол 432 миллиард теңге. Ол 421 мың шаршы метр тұрғын үй іске асырылды деген сөз. Жоспар осы саланың өзінде 102 пайызға орындалып отыр. Өзге де бағыттар оң көрсеткішке ие.

Былтырғы жылы  ет өндірісі 144 мың тонна, сүт – 482 мың тонна,  жұмыртқа – 752 млн.данаға жеткен. Ал, ірі қара 561 мың басқа жетсе, оның 338 мыңы жылқы малының үлесінде. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік маңызы бар азық – түлік  тауарларының бағасы тұрақты, әрі қолжетімді болуын - қатаң назарға алды. Былтыр  Сәбіз - 2,6% - ға және пияз-1,4% - ға  қымбаттаса, қант - 1,8%, күріш - 1,4% - ға арзандаған. 

Марғұлан КӘРІБЕКОВ, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:

- Күзде біз қарақұмық бойынша интервенция өткіздік. Оны 185 теңгеден сатқан. Сондай-ақ біз картопты 65 теңгеден жібердік. Қазір біз қырыққабат бойынша интервенция өткіземіз. Оның бағасы 83 теңге. Бұл тауарларды нарықта бәсекелестік құру және бағаның өсуіне жол бермеу үшін әлеуметтік павильондар арқылы таратамыз.

Әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша бағаның өсуі қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде   тұрақтанған. 2019 – 2020 жылдарға арналған тұрақтандыру қорына 2600 тонна көлеміндегі жеміс – көкөніс өнімдері жиналған көрінеді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-  Көрсеткіштер арқылы өткен жылдың тұрақты деңгейде өткенін аңғарып отырмыз. Жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастыра түсу керек. Басты міндет, ұтымды, әрі тиімді бағыттарды қамту. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын ұстап тұру бойынша жұмысты күшейтуді және нарықта тапшылық болмауын мұқият қадағалауды тапсырамын.

Жалпы, өткен 2019 жылы өңірде 800 жәрмеңке өткізіліп, 5 млрд.368 млн. теңгеге 8 612 тонна өнім тұрғындарға арзан бағаға сатылған.Жиын аясында, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына Темірхан Абылаевтың, "Қарағанды облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы" басшысы қызметіне Арман Ләмбековтің тағайындалғанын мәлімдеп, еңбектеріне жеміс тіледі.  

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар