ӘН МЕН ЖЫРДЫҢ БЕСІГІН ТЕРБЕГЕН КЕШ

16:30, 24 мамыр 2018

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың мерейтойына арналған поэзия мерекесі «Аққулардың ән жаздым қанатына» атты шығармашылық кешімен жалғасты

Рухани шарада көрнекті тұлға жауһар жырларын нөсердей нөпірлетті. Алпыстың асуына аяқ басқан ардакүрең ақынды облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтады. Мәні мен мазмұны терең, алымды астары поэзияның пәлсапасымен өрілген  шығармашылық кеште Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерін жастар мәнерлеп оқыды. Көпшілік көрермен тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін  шумақтарын көңіл көкжиегіне медеу қылып тоқыды. Ал, рухани шарада сөз алған аймақ басшысы Ерлан Қошанов  ардакүрең ақынның тұлғалық тұғыры мен сыршыл да сезімтал болмысына баса  тоқталды. Бұдан бөлек  ҚР Премьр-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атынан құттықтау хатын салтанатты түрде табыстады.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі

Бүгін ақынның кеші, ақынның тойы. Біз Елбасымыздан бастап ақындарын қадірлеген  елміз. Сондықтан, сізге  біз рахмет айтуымыз керек. Сонау алыс Еуропа және Түркі жұртшылығына   қазақтың жырлары сіздің өлеңдеріңіз арқылы  жүректеріне құйылып жатыр.

Алаш елі алақанында аялаған,  құлан жортас қара адырға қалам сілтеген Ғалым Жайлыбайұлы қара орман халқының алдында жырларын шалқар шабытпен төгілтті. Азаматтық ұстанамынынан айнымаған ақынның  «Жетім құлын», «Тауды көрем» және  «Күршімнің қызы» өлеңдерін жүректен  жүрекке жетті. «Түріксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов өр рухты өнегелі жанды мерейтойлық медальмен ұлықтады. Бір шеті Өзбекстан мен Татарстан, Түркия  және Башқұртстан,  Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат арылтып келген жолдастары, жыр шайырлары   ақжарма тілегін білдіріп, төбесіне тік көтерді.

Экрем АЯН,  қазақ тілі және әдебиет зерттеушісі /Түркия/

Ғалым ағайдың Түрік тілдеріне кітабын аударып, «Янқы» деген шығардық.   Ағайдың алпыс жылдығы құтты болсын! Мерейтойы бізге өте ұнады. Рахмет айтамыз сіздерге.

Сонымен қатар, осы күні Ғалым Жайлыбайұлының Станиславский атындағы орыс драма театрында «Қара орамал» атты поэма-реквимі сахналанды.  14 тілге аударылған бұл туынды  Карлагтың қасіретін бейнелейді.Қойылым қилы заманның қаны сорғалаған  сұмдығын  арқау еткен.

Теміржан ЖАНБОТАЕВ, қоюшы режиссер

Біздің тарихымызды жастарға көрсеткіміз келді.Соны олар көрсін-білсін. Өйткені ұмытылып бара жатыр.

Жолыда, жөніде бөлек кеште  мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндерін Сейіл Аяған мен эстрада жлдызы Роза Әлқожа тамылжытып, тамсандыра шырқады. Арқалы айбоз ақынның  халықаралық деңгейдегі жыр мерекесінің арқа жерінде осылайша айбыны асып, айдыны тасыды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар